Cемей25°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
513.74 569.17 6.33

Мәжілісте өткен Үкімет сағатында су шаруашылығын реформалау шаралары талқыланды

Бүгін, 12:46 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжілісте вице-спикер Альберт Раудың төрағалығымен Үкімет сағаты өтті. Онда депутаттар мен мүдделі министрліктердің өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру аясында су шаруашылығы саласын реформалау шараларын талқылады.

Отырысты ашқан Альберт Рау Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында су секторын реформалау бойынша бірқатар міндет қойғанын еске салды. Оның ішінде су ресурстарын ұтымды пайдалану, жаңа су қоймаларын салу және қолданыстағыларын реконструкциялау, трансшекаралық суды пайдалану бойынша тексерілген су саясатын жүзеге асыру, суды үнемдейтін озық технологияларды енгізу, еріген суды жинақтау, цифрландыру және саланың кадрлық құрамын нығайту бар.

– 2023 жылы Мәжіліс Жоғары аудиторлық палатаның су ресурстарын басқару тиімділігін талдау туралы есебін қарады. Оның нәтижесінде саладағы қордаланған мәселелер мен суды ұқыпсыз пайдалану мен дұрыс басқармау анықталды. Үкімет қабылдаған тиісті бағдарламалық құжаттар осы мәселелерді шешуге және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталған, – деді Альберт Рау.

Мәжіліс төрағасының орынбасары депутаттар бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп жатқан жаңа Су кодексі реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге арналғанын атап өтті. Ол қайта қаралып, 9 сәуірде Президент қол қойды.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өз баяндамасында су шаруашылығы саласындағы стратегиялық жоспарлау құжаттарының қатарына бірнеше маңызды құжат енгізілгенін айтты. Атап айтқанда, «Су ресурстарын басқару жүйесін 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы», «2028 жылға дейін су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары» және «2026 жылға дейінгі суды үнемдеу жөніндегі жол картасы» су шаруашылығы саласындағы басымдықтарды айқындайтын негізгі стратегиялық құжаттар бар.

– 6 мыңнан астам шақырым канал (1485 канал) қайта жаңғыртылуда. Оның ішінде 2025 жылы екі жүз мың гектарға жуық жүктелген аумағымен мың шақырымға жуық (962 км) каналды (275 канал) пайдалануға беру жоспарланған. Сыйымдылығы 245 миллион текше метрді құрайтын Ақтөбе су қоймасы, 120 мың гектар аспалы алаңы бар Қызылорда су торабы, Шымкент қаласындағы Тоғыс су қоймасы жаңғыртылып пайдалануға берілді. Сонымен қатар 6 өңірде 8 су нысанының құрылысы аяқталды. Олар 200 мыңға жуық тұрғыны бар 49 елдімекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр, – деді Н.Нұржігітов.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, жыл соңына дейін Аталған жобалар аясында 2025 жылдың соңына дейін шамамен 180 миллион текше метр көлемінде тасқын және еріген суды қосымша жинауға мүмкіндік беретін су қоймаларын пайдалануға берілмек.

Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев өз баяндамасында Мемлекет басшысының саланы реформалау жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша министрлік елеулі жұмыстар атқарғанын атап өтті. Осыған қарамастан, су ресурстарын басқарудағы кейбір олқылықтар мен кемшіліктер барынша ұтымды шешімдер қабылдауды қажет етеді.

– Бізде ауыл шаруашылығында су шығыны 60 пайызға дейін жетеді,  ал көрші Ресейде бұл көрсеткіш екі есе төмен. Мұның негізгі себептері –  ирригациялық инфрақұрылымның шектен тыс тозуы және суарудың технологиялық ескірген әдістерін қолдану. Бүгінгі таңда 14 мың шақырымнан астам суару каналдары, яғни барлық каналдың 30 пайыздан астамы реконструкциялауға жатады. 2024 жылы олардың 5,5 пайызы ғана жөнделді. Биыл 7 пайызға жуығын реконструкциялау жоспарланып отыр.  Бұл – суару жүйелерін жаңартудың өте төмен көрсеткіші, – деді С.Егізбаев.

Саладағы ең күрделі мәселелердің бірі – суды заңсыз пайдалану. Кейбір аймақтарда судың 40 пайызы заңсыз пайдаланылады. Осыған байланысты депутаттар министрлікке суды заңсыз алуды болдырмау үшін басқа әдістермен қатар ғарыштық мониторингті қолдану бойынша кешенді шаралар қабылдауды ұсынды.

Комитет төрағасы суармалы жерлерде Цифрлық технологияларды енгізу еліміздің су шаруашылығы саласын реформалаудың негізгі бағыты екенін атап өтті. Бұдан бөлек саланы гидролог, гидрогеолог және инженер-гидротехник сияқты  сирек кездесетін сала мамандарымен қамтамасыз ету бірінші кезектегі міндет екеніне назар аударды.

Мəжіліс депутаттары аталған мəселелер негізінде гидрогеологиялық мониторингтің мемлекеттік желісін қалпына келтіру, табиғи жолмен суарылатын жерлерді айналымға енгізу арқылы суармалы жерлердің алқаптарын ұлғайту қажеттігіне тоқталды.

Сондай-ақ жерасты суларын басқару жүйесінде мемлекеттік мониторингті күшейтудің маңыздылығы айтылды. Оларды шаруашылық мақсатта және ауыз су ретінде пайдалану перспективаларын пысықтау ұсынылды.

Депутаттардың айтуынша, суды тұтыну мәдениетін түбегейлі өзгерту арқылы су тапшылығынан шығуға болады. Бүгінде қазақстандықтар дамыған елдерге қарағанда 10 есе көп су тұтынады. Ал Ресей, АҚШ, Австралияға қарағанда бізде өнім өндіруге 3 есе көп су жұмсалады. Осыған байланысты су пайдаланушылар арасында суды үнемдеуге қатысты салиқалы көзқарасты қалыптастыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.

Талқылау барысында мәжілісмендер шағын өзендерді өнеркәсіптік және ауылшаруашылық нысандары әсерінен ластанудан қорғау, Балқаш көлін сақтау, Солтүстік Қазақстан облысындағы нақты су тасқыны жағдайы мен болжамдардың сәйкес келмеуі, халық санының өсуі мен инфрақұрылымның нашарлауын ескере отырып, елорданы тұрақты сумен қамтамасыз ету, өңірлердегі инфрақұрылым мен су ресурстарының тапшылығын қалпына келтіру сияқты өзекті мәселелерді де көтерді. Депутаттардан түскен сұрақтар мен ұсыныстар жинақталып, Үкіметке жолданатын болады.

Сонымен қатар Мәжілісте өткен жиын аясында Су ресурстары және ирригация министрлігінің ұйымдастыруымен тақырыптық көрме өтті. Онда қазіргі таңда әзірленіп жатқан Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі, су және балық шаруашылығын басқару, суды үнемдеу, суару арналарындағы суды есепке алу және басқа да салалардағы инновациялық жобалар ұсынылды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив