Cемей30°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
513.74 569.17 6.33

Семейде жайма-көше саудасы бірнеше есе азайды

Бүгін, 11:18 Думан Кенжеғазыұлы

Жаз мезгілінің басталуымен бірге жедел ішек инфекцияларының таралу қаупі арта түседі. Жаз маусымы — сыртқы ортада патогендер тағам мен су арқылы көбейіп, тамақтан улану фактілері жиілейтін уақыт. Аурулардың алдын алу мақсатында Семей қаласында көше саудасына қатысты бақылау шаралары күшейтілді.

Ағымдағы жылдың алғашқы 4 айында Семей қаласында жедел ішек инфекциясының 82 жағдайы тіркелген. Оның 62-сі — 14 жасқа дейінгі балалар арасында. Сонымен қатар, сальмонеллездің 14 жағдайы анықталған. Эпидемиологтардың мәліметінше, бұл инфекцияға ең жиі шалдыққандар – 2 жасқа дейінгі балалар мен егде жастағы адамдар.

Аталған жағдайлардың алдын алу мақсатында жыл басынан бері бейберекет көше саудасына қарсы бағытталған 9 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Бұл туралы Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шыңғыс Чокушев мәлім етті.

— Қаламызда қазіргі таңда 35 көше сауда нысаны жұмыс істейді. Басқарма мамандары стихиялық сауданың алдын алу мақсатында жеке кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде. Жыл басынан бері 23 түсіндіру жұмысы өткізілді. Сонымен қатар сәуір айынан бастап кәсіпкерлік бөлімі, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бөлімі және полиция қызметкерлерімен бірлесіп, Әуезов даңғылы, Чехов, Спартак және Уалиханов көшелерінде 9 рейд ұйымдастырылды, – деді Шыңғыс Чокушев.

Бұдан бөлек, халықтың тұтынушылық сауаттылығын арттыру мақсатында қала базарларында «Әр үйге — қауіпсіз азық-түлік», «Денсаулық кепілі — қауіпсіз тамақтану», «Салауатты азық-түлік — халық денсаулығы» тақырыптарында 4 ақпараттық акция өткізілген.

– Қабылданған шаралардың нәтижесінде көше саудасы едәуір азайды. Базар маңындағы көлік қозғалысы ретке келіп, кептелістер азайды. Бұл тек тұрғындардың денсаулығына ғана емес, жалпы қалалық инфрақұрылымға да оң әсерін тигізуде, – деді басқарма басшысы.

Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, аталған бағыттағы жұмыстар жаз мезгілі бойы жалғасатын болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив