Абай облысында оқу жылын 101 363 оқушы аяқтайды

2024-2025 оқу жылының соңғы қоңырау салтанаты Абай облысы бойынша 23-24 мамыр күндері өтеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Туленов мәлімдеді.
Аудандар мен қала ерекшеліктеріне сәйкес 11-сынып түлектері үшін соңғы қоңырау іс-шарасы облыстың барлық ауданында 23 мамыр күні, ал Семей қаласының мектептерінде 24 мамыр күні ұйымдастырылады. Барлық іс-шара қауіпсіздік талаптарын ескере отырып өткізіледі.
Биыл Абай облысында 100 мыңнан астам оқушы оқу жылын аяқтайды. Оның 5478-і – 11-сынып түлектері. «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерлер саны – 363, бұл өткен жылмен салыстырғанда 139 оқушыға артық. Аттестат тапсыру рәсімі 18-20 маусым аралығында өтсе, мемлекеттік емтихандар 30 мамыр мен 16 маусым аралығында жүргізіледі.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі кезеңі 16 мамырдан басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады. Биыл 4981 түлек тестілеуге қатысуға ниет білдірген. Бұл – жалпы бітірушілер санының 86,6 пайызын құрайды.
Брифинг барысында білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар да баяндалды. Атап айтқанда, өңір мектептерінде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, пәндік кабинеттер мен мектеп автобустары сатып алынуда. Ауыл мектептеріне ерекше көңіл бөлініп, барлық жұмыс жоспарға сай жүзеге асырылуда.
Дарынды балаларды қолдау бағыты да назардан тыс қалған жоқ. Бұл жөнінде облыстық «Дарын» ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Светлана Оспанова баяндама жасады. Оның айтуынша, 2023 жылдан бері іске асып жатқан кешенді жоспар алты бағытты қамтиды және өңір оқушыларының қабілетін дамытуға мүмкіндік беріп отыр.
Соңғы үш жыл ішінде облыс оқушыларының республикалық және халықаралық білім сайыстарындағы жетістіктері екі есеге артқан. Бородулиха және Ақсуат аудандарының оқушылары, сондай-ақ Анна Растворцева мен Юлия Германова сияқты оқушылардың нәтижелері ерекше аталды.
Сонымен қатар бастауыш сынып оқушыларынан құралған облыс құрамасы екі жыл қатарынан «Бастау» республикалық турнирінде жүлделі екінші орынды иеленіп келеді.