«Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының отырысында Мемлекет басшысының ҚХА-ны 2030 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі тапсырмалары талқыланды

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының кеңейтілген отырысы өтті. Іс-шара «Бір ел – бір мүдде: бейбітшілік пен өркендеу жолында» тақырыбына арналды.
Мәулен Әшімбаев қатысушыларға ілтипат білдіре келіп, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалардың нәтижесінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі тың серпін алғанын атап өтті. Сондай-ақ Палата Спикері елімізде бейбітшілік пен келісімді нығайту айрықша қоғамдық-саяси маңызға ие екенін айтты. Ассамблеяның жұмысы табан тірейтін «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты инклюзивті мемлекеттік саясаттың негізгі мәнін көрсетеді.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Ассамблеяның басты міндеті Қазақстан халқының татулығы мен ауызбіршілігін, мемлекетіміздің тұтастығы мен киелі Тәуелсіздігімізді нығайту екенін айрықша атап өтті. Мемлекет басшысы белгілеп берген мақсат-міндеттер қоғамда келісім, сыйластық және ынтымақтастық сияқты құндылықтарды берік орнықтыру жолындағы күн тәртібін айқындайды. Еліміздің жан-жақты дамуын көздейтін осы стратегиялық бағдарды қолдау аса маңызды. Азаматтық қоғамның белсенді қолдауының арқасында және Ассамблеяның барлық институттарын, мемлекеттік құрылымдарды, депутаттық корпусты жұмылдыра отырып, біз тұрақты, әділетті, әлеуметтік және инклюзивті Қазақстан қалыптастыра аламыз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы атап өткендей, Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім мен этносаралық қатынастың ұлттық үлгісін көрсеткен маңызды институтқа айналды.
Сонымен қатар Палата Спикері қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы заңнамалық қамтамасыз ету жұмыстарын үйлестірудің және ортақ мүддеге күш жұмылдырудың маңызына тоқталып, бұл «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының негізгі міндеті екенін айтты. Сондай-ақ Сенат Төрағасы аталған топ ҚХА-ны 2030 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасының негізгі басымдықтарын талқылайтын маңызды алаң бола алатынын тілге тиек етті.
«Мемлекет басшысының жүйелі реформаларын іске асыруда Ассамблеяның рөлін түсіну және оны тұжырымдау аса маңызды. Қазір біздің алдымызда Әділетті, Әлеуметтік және Инклюзивті Қазақстан құру міндеті тұр. Бұл істе Ассамблея үлкен рөл атқаруға тиіс. Жаңа тұжырымдамада осы жұмыстың бағыт-бағдарын нақты көрсетіп, жазуға болады. Жалпы, біздің халқымызға қонақжайлық, сананың ашықтығы, ұтқырлық, қамқорлық, жауапкершілік сияқты қасиеттер тән. Осындай құндылықтар озық және тартымды болуға ұмтылған елдің жаңа брендтерінің біріне айналуы керек. Бұл – ұлттық мүддені халықаралық деңгейде дәріптеудің заманауи тәсілдерінің бірі. Мұнда да Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқара алады. Сондай-ақ Ассамблея жастармен белсенді жұмыс жүргізуі қажет. Сол арқылы келісім мен диалог саясатының сабақтастығын қамтамасыз етуге жол ашылады. Бұл заманауи және креативті тәсілді талап ететіні анық», – деп, Палата Төрағасы Сенат жаңа Тұжырымдаманы әзірлеу жұмыстарына белсенді қатысатынын айтты.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне дайындық барысына да назар аударды. Ол аталған Форум ҚХА сияқты халықтық дипломатия мен диалог және құрмет пен сенім мәдениетін ілгерілетуге қызмет ететінін жеткізді.
Отырыста қозғалған мәселелерді талқылауға Парламенттің және облыстық мәслихаттардың депутаттарымен бірге Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, «Родина» агрофирмасы» ЖШС директоры Иван Сауэр, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, мемлекеттік органдар мен саяси партия фракцияларының өкілдері, Сенат жанындағы Сарапшылар клубының мүшелері және тағы басқа белсенді азаматтар қатысты.