Қоғамдық палата отырысында «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң жобасы талқыланды

Айдос Сарымның төрағалығымен Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның отырысы өтті. Онда «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» жаңа заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер талқыланды.
Талқылауға Қоғамдық палата мүшелерімен қатар заң жобалары жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың және сарапшылар қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан Айдос Сарым Қоғамдық палата өз жұмысы барысында құқық бұзушылықтың алдын алу тақырыбын түрлі аспекті бойынша, соның ішінде есірткінің, ойынға тәуелділіктің және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың таралуына қарсы күреске байланысты бірнеше рет қозғағанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бұл мәселелерді бөлшектеп емес, жүйелі түрде шешу керектігін баса айтты. Бүгінде бұл жұмыстың жүргізілуіне қатысты негізді шағымдар бар, сондықтан осы заң әзірленді. Алда бізді үлкен реформа күтіп тұр, – деді А.Сарым.
Сондай-ақ ол бұл бағытта бірнеше түйткілді мәселе барын, оның ішінде тәуекел топтарына жататындары шешімді талап ететінін айтты. Ішкі істер министрлігінің рөлі күшейе отырып, құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелерімен неғұрлым мақсатты түрде айналысуға тиіс екенін түсіну қажет. Оның сөзінше, республиканың Құқықтық саясатын 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасына сәйкес, мемлекеттік саясаттың басым бағыты – репрессиялық шаралардан алдын алу шараларына екпін беру.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жиынға қатысушыларды «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» заң жобасы мен ілеспе түзетулердің ережелерімен таныстырды. Негізгі жоба аясында әкімдіктерге профилактикалық іс-шараларды қолдану құзыретін барлық мемлекеттік органға беру арқылы алдын алу саласында нақты өкілеттіктер беру, қылмыстың алдын алу жүйесін оңтайландыру ұсынылады.
Бұл ретте жаңа заң қабылданған кезде қолданыстағы бес заң күшін жояды. Олардың қатарында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» заң да бар. М.С.Нәрікбаев атындағы КазГЮУ университетінің қауымдастырылған профессоры, Қоғамдық палата мүшесі Мүсілім Хасенов мұндай әдіс былтыр қабылданған әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша заңмен нығайтылған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің елімізде қалыптасқан жүйесіне нұқсан келтіретініне назар аударды.
Сондай-ақ сарапшы құқық бұзушылықтың профилактикасы жөніндегі бірыңғай заң жобасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың ерекшеліктерін қарастыратын бір ғана бап бар екенін атап өтті. Заңда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа да қолданылатын құқық бұзушылықтардың алдын алудың жалпы шаралары белгіленгеніне қарамастан, жалпы профилактикада тұрмыстық зорлық-зомбылық ерекшеліктерінің толық ескерілмеу қаупі жоғары.
– «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заң бірегей қорғау қызметін атқарады. Қолданыстағы заңды алып тастамай, керісінше, оның негізінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің ауқымы мен құрылымы кеңейетін заң қабылдап, күшейту қажет. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мемлекеттік саясаттың басты назарында болып, жалпы қылмыстар арасында жоғалып кетпеуі керек, – деді М.Хасенов.
Жоғарғы Сот Кеңесі жанындағы сот төрелігі Академиясының қылмыстық-құқықтық пәндер ғылыми-білім беру орталығының профессоры Ардақ Биебаева заң жобасында құқық бұзушылықтың алдын алу субъектілері тым кең түсіндірілетінін, оның ішінде субъектілер қатарына қарапайым азаматтар да жатқызылғанын атап өтті. Оның пікірінше, ерекше мәртебесі жоқ азаматтарды тек профилактикалық іс-шараларға қатысушылар ретінде қарастыруға болады, әйтпесе бұл олардың жауапкершілігінің орындалмауына әкелуі мүмкін.
– Сонымен қатар қорғау нұсқамасы сияқты қылмыстың алдын алудың жеке шарасын қолданудың негіздерін түсіндіру талап етіледі. Заң жобасында және қолданыстағы заңда әкімшілік немесе қылмыстық-процестік қамауға алу үшін негіздердің жоқтығы және заңсыз әрекеттерді жасау фактісінің болуы көрсетілген. Қорғау нұсқамасын қолдану негіздерінің анық еместігі уәкілетті лауазымды тұлғалар тарапынан әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылықты іс жүзінде жасаған тұлғалар үшін жауапкершіліктен жалтарып, кейде сыбайлас жемқорлыққа жол беретін теріс әрекеттерге әкеп соғады, – деді Ардақ Биебаева.
Өз кезегінде жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов заң жобасымен жұмыс барысында құқық бұзушылықтың алдын алу, құқық қорғау органдарының қоғамдық бірлестіктермен және ұйымдармен өзара іс-қимылына ерекше назар аудару жоспарланып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар оның айтуынша, бұл мәселеде тек заңнамалық шаралар жеткіліксіз. Құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмысты нақты жоспарлауды қамтамасыз етіп, ел тұрғындарына құқықтық тәртіпті мектеп қабырғасынан бастап енгізу қажет.
Мәжіліс депутаты жетілдіруді қажет ететін бағыттарға да тоқталды. Атап айтқанда, «кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу» ұғымын кеңейтіп, оған білім беру ұйымдарының қызметкерлерін де енгізу керек.
– Жұмыс тобының жетекшісі ретінде «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң жобасын талқылау нәтижелі болады деп сенемін. Бұл жобаның мақсаты биік, ол ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қоғамы үшін идеологиялық және саяси бағдар ретінде белгілеген «заң мен тәртіп» қағидасының сақталуын қамтамасыз етуге тиіс, – деп түйіндеді сөзін М.Магеррамов.
Отырыс барысында Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ, Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев, Maqsut Narikbayev University конституциялық және саяси зерттеулер институтының директоры Әлия Оразбаева, Қазақстанның кәсіби әлеуметтік қызметкерлерінің Ұлттық Альянсының атқарушы директоры Динара Есімова, «Парламентаризм институты» ШЖҚ РМК атқарушы директоры Алмас Қанатов және басқалар құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы заңнамаға қатысты өз көзқарастарымен бөлісті.
Сөз соңында Айдос Сарым отырыс барысында айтылған пікірлер мен сараптамалық қорытындылар Қоғамдық палатаның қорытынды ұсынымдарында жинақталып, заң жобаларымен одан әрі жұмыс істеу үшін жұмыс тобына берілетінін атап өтті.