Семейде 22 мың көрерменге арналған жаңа заманауи стадион салынады

Семей қаласында 20-22 мың адамға арналған жаңа футбол стадионы салынатын болды. Бұл туралы Абай облысының әкімі Берік Уәли облыстың алдағы дамуы жөніндегі жиында мәлімдеді.
Облыс әкімінің айтуынша, стадион бұрын жоспарланғандай 12 мың емес, әлдеқайда кең ауқымда – 22 мың орындық болып салынады. Нысан Семей қаласындағы жаңа ықшам аудандардың бірінде бой көтермек.
Аталған ірі жобаны жүзеге асыруға KazMinerals компаниясы толықтай демеушілік көрсетеді. Бұл жоба өңірдегі спорт инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына, спорттық мәдениеттің дамуына зор серпін береді деп күтілуде.
Жаңа стадион заманауи стандарттарға сай жабдықталып, ірі ұлттық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.