Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның отырысы өтті
Бүгін Alikhan Bokeikhan университетінде облыс әкімі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Отырысқа Абай облысы әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Шалқар Байбеков және комиссия мүшелері қатысты.
Отырыс барысында комиссияның 2023 жылға арналған жұмыс жоспары жайлы Абай облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаев баяндады.
Комиссия құрамына жергілікті атқарушы билік органдары, ғалымдар, өлкетанушылар мен өңірдегі қоғамдық-саяси өмірге белсене қатысатын азаматтар – жалпы саны 21 адам енген. Комиссия отырысында архив көздерін және басқа материалдарды жинау, зерделеу, қорытындылар дайындау жөніндегі жөніндегі 9 адамнан тұратын 3 жұмыс тобы құрылды.
Қазіргі уақытта комиссия «Алаш» қоғамдық-саяси, ұлт-азаттық қозғалысына арналған жинақты дайындау шеңберінде құжаттарды анықтау жұмыстарын жүргізуде. Ағымдағы жылдың II-III тоқсаныңда «Халықжады» еске алу кітабын дайындау шеңберінде жұмыстар атқарылмақ.
Отырыс соңында облыс әкімі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның жұмыс жоспары бекітілді.
Айта кетейік, комиссия өз жұмысын «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» ҚР Президентінің 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 жарлығына сәйкес атқарады.
Жұмысты үйлестіру Абай облыстық қоғамдық даму басқармасы, оның ішінде ҚХА хатшылығы және этносаралық қатынастарды мониторингілеу бөлімі мен облыстық Достық үйі жанынан құрылған бөлім тарапынан жүзеге асады.