Абай облысында ағаш өңдейтін жаңа зауыт іске қосылады

Абай облысының өнеркәсіп саласында тағы бір маңызды жоба жүзеге асқалы отыр. «Универсал СМ» ЖШС өңірде жылына 500 тонна ағаш өңдейтін жаңа заманауи зауыт салуды қолға алды.
Аталған өндіріс орны ағашты терең өңдеу арқылы құрылыс материалдары, жиһаз бөлшектері, декоративті бұйымдар сияқты өнім түрлерін шығармақ. Бұл – аймақтағы табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен экологиялық өндіріс бағытын дамытуға бағытталған стратегиялық жоба.
Жобаның жүзеге асуына Абай облысының әкімдігі жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, инженерлік желілер тарту және техникалық сүйемелдеу жұмыстары жергілікті атқарушы органдардың көмегімен жүргізілмек.
Облыс басшылығының айтуынша, бұл өндіріс орны өңірде ағаш өңдеу саласының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашады. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлермен кооперация орнатып, шағын және орта бизнестің дамуына да ықпал етеді.
Жаңа зауыттың ашылуы импортты алмастыруға, экспортқа бағытталған өнім көлемін ұлғайтуға және өңірлік экономикаға қосымша табыс әкелуге жол ашады.