Семейде «Инвесторлар үйі» ашылады

Облыс әкімі Берік Уәли өңірдің алдағы жылдардағы даму жоспары туралы баяндамасында аймаққа инвестиция тарту мәселесіне айрықша тоқталды.
2028 жылға дейін жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын 29 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. 8 мың жаңа жұмыс орны ашу көзделіп отыр. Биыл 10 миллиард теңгеге «СемАз» ЖШС өнеркәсіптік алаңдары кеңейтіліп, жылына 6 мың арнайы техника шығаратын желі жаңартылады. «Казполиграф» ЖШС жылына қуаттылығы 40 миллион дана қағаз бен картон бұйымдары өндірісін іске қосады
Өндірістік инфрақұрылымды кеңейту мақсатында «Өндіріс» индустриялық аймағы 96 гектардан 562 гектарға дейін ұлғайтылады.
Аймақ басшысы қызметке кіріскелі бері 40-тан астам шетелдік инвестормен кездесу өткізді. Енді облыс Ресей және Қытаймен сауда байланысын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, инвесторлармен жұмысты күшейту мақсатында Семейде «Инвесторлар үйі» ашылады. Бұл шаралар нәтижесінде 2028 жылға қарай облысқа тартылатын инвестиция көлемі 547 млрд теңгеден 800 млрд теңгеге дейін артады деп күтілуде.