Өңірде ауыл шаруашылығын дамытудың 2028 жылға дейінгі моделі әзірленді

Облыс әкімі Берік Уәли өңірдің алдағы жылдардағы даму жоспары туралы баяндамасында ауыл шаруашылық саласындағы жобаларға тоқталды. Биыл облыста ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 486 миллиард теңгеге жетіп, өсім 103 пайызды құрады. Ірі қара мал саны 743 мың басқа жетіп, республика бойынша 3-орында тұр.
Өңірде ауыл шаруашылығын дамытудың 2028 жылға дейінгі моделі әзірленді. Ет кластерін құру, сүтті-тауарлы фермаларын салу, ет құс шаруашылығын дамыту және суармалы егіншіліктің әлеуеті сияқты бағыттарды қамтиды. Бұл бағытта ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бағдарламасы аясында 13 миллиард теңгеге ет комбинаты, бордақылау алаңдары, сүтті тауарлы фермалары, су үнемдеу технологиялары, қой шаруашылығы, тауарлы балық өсіру жобалары іске асырылуда. Аталған бастамаларды қолдау үшін 13 млрд теңгеге жобалар қаржыландырылып, жыл соңына дейін қосымша 8 млрд теңге бөліну жоспарланып отыр.
Ет кластерін дамыту аясында Жаңасемей ауданы Шақаман ауылында «ЕвразияАгроСемей» ЖШС тәулігіне 35 тонна ет өңдейтін кешеннің құрылысы басталды. Мұнда жылына 12,6 мың тонна ет өнімдері шығарылып, 7 мың бас қойға арналған бордақылау алаңы дайындалған.