Семейде облыстық көпсалалы аурухананың іргетасы қаланды
Семейде облыстық көпсалалы аурухана салынады. Бүгін медициналық нысанның іргетасын қалау рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли және осы саланың ардагерлері, дәрігерлер қатысты.
Президенттің тапсырмасына сәйкес бой көтеретін ғимарат Абай облысын дамытудың кешенді жоспарына енген. 300 төсек-орындық жаңа көпсалалы ауруханада бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын кеңес беру және тексеру бөлімі жұмыс істейтін болады.
Аймақ басшысы бұл медициналық нысанның өңір тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Абай облысында бүгінде 31 стационарлық медициналық ұйым жұмыс істейді, оның ішінде 20-сы мемлекеттік, 11-і жекеменшік. Облыс бойынша әр 10 мың тұрғынға небәрі 59 төсек-орыннан келеді. Бұл – республика бойынша ең төменгі көрсеткіштердің бірі.
Облыстық мамандандырылған медициналық қызметтің 70 пайызы Семей қаласында шоғырланған. Қазіргі стационарлардың басым бөлігі ескі, материалдық-техникалық базасы тозған. Жедел медициналық жәрдем ауруханасы 300 төсекке шақталғанымен іс жүзінде 375 науқасты қабылдап отыр. Кардиология, инсульт, гинекология, токсикология, неврология, травматология бөлімдерінде төсек-орын тапшы. Жаңа аурухана осы тапшылықты жойып, заманауи талаптарға сай медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары үшін қашықтан кеңес беретін телемедицина орталығы құрылады. Медициналық нысан 2027 жылы пайдалануға берілмек.