Семейде 1 мың гектардан астам аумақты қамтитын жаңа ықшам ауданы салынады

Облыс әкімі Берік Уәли өңірдің алдағы жылдардағы дамуына арналған жиында осындай жаңалықты жеткізді.
Қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан жаңа ауданда 75 мың тұрғынға арналған тұрғын үй кешендері, 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік нысандар, саябақтар бой көтеретін болады. Жоба аясында жастар сарайы, Жекпе жек сарайы, ғалымдар үйі, медиа орталық, көрме орталығы, Достық үйі, инвесторлар орталығы, музыкалық мектеп, филармония, этносаябақ, стадион, колледж, музей, балабақшалар, қонақүйлер мен сауда кешендерін салу жоспарланған.
Облыс әкімі Семейдің басқа аудандары назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Шаһардың бос аумақтарына облыстық көпсалалы аурухана, театр сынды маңызды әлеуметтік нысандар салынады.