Cемей21°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
510.59 578.91 6.37

Үкімет отырысында оқу жылының қорытындылары мен жазғы демалысты ұйымдастыру жұмыстары қаралды

Бүгін, 15:50 Думан Кенжеғазыұлы

Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2024-2025 оқу жылының аяқталуы, мектеп және техникалық білім беру жүйесіндегі нәтижелер, сондай-ақ балалардың жазғы демалысы мен жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жөніндегі шаралар туралы баяндады.

Оның айтуынша, биылғы оқу жылын 3,9 млн оқушы аяқтағалы отыр. Оның ішінде бастауыш сыныпты – 391 мың, негізгі мектепті – 364 мың бала аяқтайды.

«Мектеп бітірушілер саны – 217 мың. “Алтын белгіге” үміткерлер саны алдыңғы жылдардағыдай 5%-дан аспайды. Оқу жылын “Білімім – Отаныма” атты бірыңғай сынып сағаттарын өткізумен аяқтауды жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті министр. 

Сонымен қатар педагогикалық кеңестің шешіміне сәйкес мектеп түлектеріне арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты шараны 23 немесе 24 мамырда өткізу ұсынылды. Аттестаттарды табыстау рәсімі 18-20 маусым аралығына белгіленді. 

Министрліктің дерегінше, 9-11-сынып бітірушілерінің қорытынды емтихандары 29 мамыр мен 16 маусым аралығында өткізіледі.

2024–2025 оқу жылында колледждерде 550 мыңнан астам студент білім алды, 173 мың студент, оның 123 мыңы жұмысшы біліктілігі бойынша, ал 27 мыңы дуальді оқыту аясында оқуын аяқтайды.

«10 мың студент кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша бітірді. Жыл сайын колледж түлектерін жұмысқа орналастыру көрсеткіші өсуде: 2024 жылы түлектердің 81%-ы жұмыспен қамтылды», — деді Ғани Бейсембаев.

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға және колледждердің бизнеспен өзара іс-қимылына аса назар аударылуда. Оқу жылының қорытындысы бойынша қамқорлық көмек көрсететін кәсіпорындардың саны 7 есе артты. Бүгінде 4 мыңнан астам кәсіпорын 662 колледжге қамқорлық көмегін көрсетуде.

Алғаш рет «кәсіби бағдарлаушы» лауазымы ресми бекітілді. 905 жоғары сынып оқушысы жалпы білім туралы аттестатпен қатар, жұмысшы біліктілігі бойынша диплом алды. 2,5 млн мектеп оқушысы кәсіби бағдарлаушы шараларымен қамтылды.

104 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Студенттердің тұрмыс жағдайын жақсарту үшін 2 мың орынға арналған 8 жатақхана пайдалануға берілді. Бизнес өкілдері 8 мыңнан астам білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысты. 

«Балалардың жазғы демалысына дайындық мәселесі Ермек Беделбайұлының төрағалығымен жүйелі түрде өткізілетін кеңесте қаралып, бақылауға алынды. Тиісті жұмыстар 9 мемлекеттік органның бірлескен жоспары аясында ұйымдастырылады. Осы мақсатта республикалық және өңірлік штабтар құрылды», — деп атап өтті спикер.

Ғани Бейсембаевтың айтуынша, каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру бойынша бірыңғай әдістемелік ұсынымдар әзірленді.

Өңірлермен бірлесіп барлық демалыс орталықтарының тізімі жасалды және олардың дайындығы республикалық штабтың отырыстарында қаралды.

Санитариялық нормалардың, тамақ қауіпсіздігі талаптарының, сондай-ақ суда, орманды жерлерде және спорт объектілерінде қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша бақылау күшейтілді. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Жаздық жолдама» жобасы шеңберінде 10 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Олардың ішінде – халықтың әлеуметтік осал топтарынан және ауылдық жерлердегі көп балалы отбасылардан шыққан балаларға басымдық беріледі. 

«Еліміздің 10 мыңнан аса демалыс орнында 3,2 млн бала жазғы каникулын өткізеді. Оның 15 мыңнан астамы – жыл бойғы сауықтыру орталықтарында, 186 мың бала – қала маңындағы, 2,8 млн бала – мектеп жанындағы, 160 мың бала – шатырлы және киіз үй демалыс орындарында демалады», — деді министр. 

Өңірлерде жазғы демалысты ұйымдастыруда инфрақұрылымдық және мазмұндық тұрғыдан оң ізденістер бар. Мәселен, Түркістан облысында балаларды жазғы сауықтыру және демалыспен қамту мақсатында 10 лагерьдің жанынан модульдік корпустар салынуда. Шығыс Қазақстан облысында «Қонақжай отбасы» жобасын жүзеге асыру жалғасады. Биылғы жылы жобаның географиясы кеңейіп, 140 баланы қамтуға 6 елді мекеннен 62 отбасы тартылады. Ақтөбе облысында білім алушылардың кәсіптік бағдарлануына ерекше мән беріледі. Жазғы лагерьге қатысушы оқушылар облыстағы колледждер базасында түрлі мамандықтар бойынша тәжірибелік сабақтар мен шеберлік сағаттарына қатысады. 

Жалпы, балалардың бос уақытын ұйымдастыру бағытында жазғы еңбек, туристік, шығармашылық, интеллектуалдық іс-шарамен 3,4 млн бала қамтылады. Жергілікті атқарушы органдар биыл балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын жоғары әрі сапалы деңгейде ұйымдастыруы керек. 

Балаларды жазғы сауықтырумен қамтудың жоғарғы көрсеткіштері Шығыс Қазақстан (99,9%), Абай (99,3%), Павлодар (98,5 %), Қостанай (98,5%), Ақтөбе (98,2%) облыстарында байқалады. 

«Министрлік жазғы демалысты мазмұнды ұйымдастыру мақсатында 120 мың ұйымдастырушы-педагогті арнайы дайындықтан өткізді. Оған қосымша 12 мыңнан астам студент пен еріктілер тартылатын болады. Сөзімді қорыта келе, жергілікті атқарушы органдардан жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын сапалы әрі мазмұнды ұйымдастыру, олардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарауды сұраймыз», — деп түйіндеді баяндамасын министр.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив