Елімізде білім беруді қолдау және жастарды жұмыспен қамту шаралары кеңейтілуде

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінің жай-күйі, ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) басталуы, студенттерді қолдау шаралары және бөлінетін гранттар туралы баяндады.
Қазіргі уақытта республикада 122 жоғары оқу орны, оның ішінде 10 зерттеу жоғары оқу орны және 23 филиал жұмыс істейді. 2024-2025 оқу жылында азаматтық жоғары оқу орындарында 680 мыңнан астам студент оқиды, оның ішінде 624,5 мыңы бакалавриатта, 39,2 мыңы магистратурада, 7,6 мыңы докторантурада және 8,9 мыңы резидентурада білім алуда.
Министрліктің дерегінше, түлектердің ең көбі келесі бағыттарды құрайды:
-
педагогикалық мамандықтар бойынша – 48,4 мың
-
бизнес, басқару және құқық – 24,6 мың
-
инженерлік ғылымдар – 24,3 мың,
-
ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 13,4 мың
-
денсаулық сақтау – 10,3 мың және ауыл шаруашылығы – 1,8 мың студент.
Ғылым және жоғары білім министрлігі келтірген дерекке сәйкес, бүгінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында 31,5 мың шетелдік студент оқиды. Алғаш рет Азиядан келген студенттердің саны ТМД елдерінен келген студенттердің санынан асып түсті, Азия елдерінен – 17 456 адам болса, ал ТМД елдерінен – 12 816 адам.
Елімізде студенттерді жұмыспен қамту шеңберінде 30 мыңнан астам студентті қамтитын «Жасыл ел» жобалары мен құрылыс отрядтары іске асырылуда. Сондай-ақ 140 мыңға жуық студентті қамтитын оқу және өндірістік практика жүзеге асырылуда. Айта кету керек, кәсіптік практикадан өту кезінде білім алушы белгілі бір еңбек міндеттерін орындайды, олар білім алушының еңбек өтіліне есептеледі.
Соңғы 5 жылда Қазақстанда гранттар саны 1,4 есеге өсті. 2024-2025 оқу жылына 93 116 грант бөлінді (бакалавриат – 77 084, магистратура – 13 113, докторантура – 2 919).
Сонымен қатар биылғы 1 қыркүйектен бастап білім алушылардың стипендиясының көлемі өседі. Бакалавриат үшін стипендияның өлшемі 52 372 теңге, магистратурада 117 098 теңге және докторанттар үшін 262 500 теңгені құрайтын болады. Яғни, биыл бакалавриат деңгейінде стипендия көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге, ал магистратура және докторантура деңгейінде 1,75 есеге артады.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу жөніндегі ҚР Заңы қабылданды, ол азаматтардың жоғары білімге қол жеткізуін қамтамасыз етудің қосымша тетігі болады және қолданыстағы қолдау шараларын біріктіреді. Қазіргі таңда ашылған салым шоттарының саны 102 мыңды құрады.
Инфрақұрылымдық жобалар бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда жатақханалардағы орын тапшылығы 2019 жылы 82 500-ден 2024 жылы 14 873-ке дейін азайды.
«Осы ретте, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жатақханаларда орын беру жөніндегі мемлекеттік қызмет проактивті формат бойынша ұсынылатынын атап өткім келеді. 16 мамырдан бастап 46 өңірлік орталықтарда жоғары оқу орындарына үміткер талапкерлер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізілуде. ҰБТ 7 шілдеге дейін жалғасатын болады», — деп нақтылады спикер.
Өңірлік орталықтар Республикалық маңызы бар қалаларда (8 бірлік), облыс орталықтарында (16), ірі аудан орталықтарында (18) және облыстық маңызы бар қалаларда (4) орналасқан, 5800 компьютер, үздіксіз интернет желісі, видеосерверлер, ұялы телефон байланысын өшіру және металліздегіш құралдар, генераторлар, жеке және жалпы байқау камералары, күзет дабылдары, сондай-ақ тестіленушілерге жайлы жағдай туғызатын басқа да заттармен жабдықталған.
Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Талапкерлерге осы аралықта ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі берілген.
2025 жылы 217 мыңға жуық талапкер оқуды бітіреді, оның ішінде 183 мыңы ҰБТ-ға тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда тестіленушілердің саны 30 мыңға артқан (2024 жылы – 186 мыңға жуық талапкер, 2023 жылы 162 мың талапкер). Тест аяқталғаннан кейін түлектер дұрыс және бұрыс жауаптармен ғана емес, сонымен қатар ҰБТ нәтижелерінің толық талдауымен де таныса алады.
Жергілікті атқарушы органдар, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктері, жоғары оқу орындары мен білім басқармалары өкілдерінен жасақталған аймақтық мемлекеттік комиссиялар құрылды. Аталған комиссиялар қоғамдық тәртіпті, өрт қауіпсіздігін сақтау, антитеррористік шараларды қамтамасыз ету, сондай-ақ медициналық қызмет пен психологтардың тұрақты кезекшілігін ұйымдастыру жұмыстарын атқарады. Цифрлық даму, инновациялар және және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ҰБТ уақытында аймақтық тестілеу орталықтарының үздіксіз интернетпен қмтамасыз етеді.
«Грантты тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау шілденің 13 мен 20 аралығында жүргізіледі. Оның нәтижесі 10 тамызға дейін жарияланады. Жоғары оқу орнына тіркелу 25 тамызға дейін. Олжас Абайұлы, жоғары оқу орындарында ағымдағы оқу жылы шілденің 10-на дейін аяқталады және сонымен қатар жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Барлық сұрақтар бақылауда», — деді Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов.