Семейде алғаш рет «Руханият - 2025» сыйлығы табысталды
Бүгін Семейде мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай салтанатты шара өтті. Шара барысында өңір мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жандарға «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілері табысталды. Ерекше атап өтерлігі, аймақ өнерпаздарына алғаш рет Абай облысы әкімінің «Руханият-2025» сыйлығы табысталды.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген аймақ басшысы Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана ұжымы мен Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің музей-үйінің меңгерушісі Шағжан Исабаевты жоғары жетістіктерімен құттықтады. Шағжан Исабаев Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденін кеудесіне тақса, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана Астанада өткен республикалық «Рухани қазына – 2025» фестивалі аясында «Үздік облыстық маңызы бар кітапхана» атағын иеленіп, бүкіл еліміздегі кітапханалар ішінде гран-при жеңіп алды.
Аймақ басшысы облыстың өнерін өрлетуге үлес қосып жүрген жандарды 18 аталым бойынша марапаттады. Өнерпаздар мен мәдениет ұжымдарына «Жылдың үздік театр әртісі», «Үздік музыкалық ұжым», «Жылдың үздік режиссері», «Жылдың үздік композиторы», «Үздік дәстүрлі өнерпаз», «Үздік мәдениет мекемесі», «Үздік музей қызметкері», «Жылдың үздік кітапханашысы», «Жылдың үздік кеш жүргізушісі», «Үздік мәдениет маманы», «Үздік қолөнер шебері» «Үздік халықтық шығармашылық ұжым», «Мәдениет майталманы», «Үздік орындаушы», «Үздік би өнері», «Үздік аспапта орындаушы» аталымдары тапсырылды.
Бүгінде облысымызда 296 мәдениет нысаны, оның ішінде 137 кітапхана, 131 клуб, 10 музей, 9 архив, 1 театр, 1 филармония және бірқатар мәдени орталықтар халыққа рухани қызмет көрсетуде. Бұл мекемелерде 3000-нан астам маман қызмет атқарады.
Облыс әкімі өңірдегі мәдениет нысандары кезең-кезеңімен жаңғыртылатын атап өтті.
Қазіргі уақытта Қарауыл ауылындағы мәдениет үйі жөнделіп, көрермен залы жаңартылуда. Ақсуатта жаңа мәдениет үйінің жобасы дайындалып жатыр. Мақаншыдағы «Інжу-Маржан» ансамбліне аспаптар мен сахналық киім алуға қаржы бөлінді. «Қазақстан халқына» қоры арқылы 30 ауылдық кітапхана жаңғыртылады. Семейде Абайдың 180 жылдығына орай Жидебай-Бөрілі музейі, Абай театры мен кітапханасы, сондай-ақ Достоевский және Невзоровтар музейлерінде жөндеу жұмыстары басталды.