Cемей28°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
510.59 578.91 6.37

Мәжіліс Қырғызстанмен одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты ратификациялады

Бүгін, 14:22 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар Қырғызстанмен және Түрікменстанмен ынтымақтастық туралы халықаралық құжаттарды ратификациялады, сондай-ақ міндетті медициналық сақтандыру және медициналық қызмет көрсету және инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру туралы заңдарды екінші оқылымда қабылдады.

Мәжіліс 2024 жылғы 19 сәуірде Астанада қол қойылған Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты ратификациялады. Ол туралы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин баяндама жасады. Құжаттың мақсаты – екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға қосымша серпін беру.

Жұмыс тобының жетекшісі Самат Нұртаза қосымша баяндамасында құжаттың ынтымақтастық салалардың кең ауқымын қамтитынын және оның аясында бірқатар екіжақты келісім іске асып жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта тараптар арасындағы шарттық-құқықтық базада 150-ге жуық екіжақты құжат бар.

– Келісім саяси, экономикалық, көлік, су-энергетика және ауыл шаруашылығы салаларындағы, оның ішінде бірлескен кәсіпорындар құру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ екі елдің бауырлас халықтарының рухани және мәдени жақындығын нығайту мәселелерінде ынтымақтастықты нығайтуға екі жақтың бейілділігін растайды, – деді Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар тараптар терроризм, экстремизм, сепаратизм, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс және басқа да тәуекелдерді қоса алғанда, қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен қауіпсіздікке қарсы тұруға баса назар аударады.

Талқылау барысында депутат Ирина Смирнова екі ел басшысының Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өзара тауар айналымын 2030 жылға қарай 3 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасы қалай шешіліп жатқанын, қандай серпінді жобалар мен бастамалардың жүзеге асырылып жатқанын және жоспарланғанын сұрады.

Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіповтың айтуынша, серпінді жобалардың бірі – Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы өнеркәсіптік сауда-логистикалық кешен. Оның құрылысы келесі жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс. Сонымен қатар Қазақстанның мұнай-химия, химия, металлургия, фармацевтикалық және азық-түлік өнімдерін, сондай-ақ көлік құралдары мен құрылыс тауарларын экспорттау мүмкіндігі жоғары.

Мәжілісмендер 2024 жылғы 10 қазанда Ашхабад қаласында жасалған Қазақстан мен Түрікменстан үкіметтері арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді де ратификациялады. Құжат бойынша Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров баяндама жасады.

 – Келісімнің негізгі мақсаты – екі ел арасындағы инвестициялық қызметке қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ Қазақстан мен Түрікменстан инвесторларына өз мемлекетінің аумағы шегінде әділ әрі тең құқықты режим мен кауіпсіздікті қамтамасыз ету, – деді жұмыс тобының жетекшісі Б.Керімбек.

 Оның айтуынша, құжатта екі елдің инвесторлары үшін қолайлы инвестициялық орта құруға және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін негіздік шарттар мен кепілдіктер қарастырылған.

 Жалпы отырыс барысында Мәжіліс инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Түзетулер бірыңғай инновациялық кластер құру және оған қатысушыларды кеңейту арқылы инновациялық қызмет жағдайын жақсартуға арналған.

 Жұмыс тобының жетекшісі Айтуар Қошмамбетов заң аясында «Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қоры мен «Астана хаб» халықаралық технопаркі біріктірілетінін айтты. Бұл ретте барлық қатысушы үшін бірыңғай құқықтық база мен ортақ преференциялар құрылады, ал біріктірілгеннен кейін қолданыстағы жеңілдіктер мен қолдау құралдары сақталады.

 Басқа түзетулер «Ұлттық инновациялық жүйенің»  бірыңғай терезесі арқылы инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну рәсімдерінің ашықтығын арттыруға бағытталған. Ол жер қойнауын пайдаланушылар мен инноваторларға ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жобаларын, стартаптарды қаржыландырудың басқа да бағдарламаларын іске асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатын бөлу мен игерудің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Жалпы отырыста міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызмет көрсету мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер де екінші оқылымда қабылданды. Ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы мемлекеттік қызметтің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіруге бағытталған.  

 Жұмыс тобының жетекшісі Гүлдара Нұрымның айтуынша, заңда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызмет түрлерін ажырата отырып, медициналық көмектің бірыңғай пакетін құру ұсынылып отыр. Бұл ретте тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетінде бастапқы емдеу кезінде және әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу, диагностикалау және емдеу бойынша қызметтерді көрсету кезінде, сондай-ақ сақтандыру мәртебесіне қарамастан жеке скринингтік тексерулер кезінде бастапқы медициналық-санитарлық көмектің базалық пакеті сақталады.

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне жарналар мен аударымдардың жоғарғы шегі жұмыс берушілер үшін 40 ең төменгі жалақы және қызметкерлер үшін 20 ең төменгі жалақы мөлшерінде белгіленді. Бұл ретте «Д» және «Е» санаттарына жататын жұмыссыздар мен жұмыс істемейтін тұлғаларға (дағдарыс, әлеуметтік қамтудың төтенше деңгейлері) жергілікті бюджет қаражаты есебінен жарналар енгізу ұсынылады. Сондай-ақ, мәжілісмендердің бастамасымен 60 ай бойы үздіксіз жарна төлеген тұлғалардың сақтандыру мәртебесі жарна төлеу тоқтатылған сәттен бастап алты айға дейін сақталады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының және денсаулық сақтау субъектілерінің қаржылық қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін депутаттар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі қаражаттың жұмсалуы туралы ақпаратты ресми интернет-ресурстарда міндетті түрде жариялауға қатысты түзету енгізді.

Бұдан бөлек Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар: дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131 - конвенция) ратификациялау туралы; Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру жобасы) ратификациялау туралы заң жобалары.

Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 17 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив