«Домбыра – ұлттың жаны» атты бірыңғай домбыра сабағы өтті
Семейлік NIS-те «Домбыра – ұлттың жаны» атты бірыңғай домбыра сабағы өтті. «100 күй» және міндетті домбыра сабағы аясында ұйымдастырылған іс-шараға мектебіміздің 165 оқушысы қатысты.
Кіріктірілген сабақ барысында зияткерлер «Келіншек» күйін математика, өнер, тарих, қазақ тілі және әдебиет пәндері арқылы талдап, күйдің ішкі сазын, бейнесін, тарихи-көркемдік мәнін тереңірек түсінді.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде домбыра сабағы 7-сынып оқушыларының оқу бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізілген. Бүгін сол 155 жас зияткер бір мезетте «Кеңес», «Нәр ағашы», «Жастар биі», «Тепеңкөк», «Келіншек» күйлерін орындап, өнер мерекесінде бар шеберлігін ортаға салды. Артынша сахна төріне көтерілген мектептің домбыра ансамблі «Балбырауын», «Адай», «Ерке сылқым», «Әлқисса» сынды күйлерді нақышына келтіре шертіп, көрермен көңілін тербетті.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Абай Сейткадыров бұл шараның тәрбиелік маңызына ерекше тоқталып өтті.
Шәкірттерді қазақ халқының ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу, дәстүрлі өнер арқылы ұлттық сана мен тұлғалық қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған жиын соңында жыл бойы үздік нәтиже көрсеткен 7-сынып домбырашыларына арнайы алғыс хат табысталды.