Cемей29°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
510.59 578.91 6.37

«Қазақтың дара дарыны» қанат қақты

Бүгін, 12:17 Сәтжан Қасымжанұлы

Қазақ ән өнерінде қайталанбас қолтаңбасын қалдырған біртуар талант, Қазақстанның Халық әртісі Мәдениет Ешекеевтің есімін әуелеткен «Қазақтың дара дарыны» атты дәстүрлі ән орындаушылардың I республикалық байқауы дүбірлеп өтті. Абай облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткен байқау тұңғыш рет өткізілді. Мәні зор шараның Ешекеевтің туған жерінде жоғары деңгейде өтуіне Бородулиха ауданының әкімдігі де сүбелі үлесін қосқанын атап өткен жөн. Ұлы әнші осы аудандағы 1934 жылы Құрманқожа ауылында туған. Мәдениет Ешекеев қазақтың дәстүрлі ән өнерінің өркендеуіне ерекше еңбек сіңірген Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержановтан тәлім алған талант. Абай Құнанбайұлының әндерінен бастап, Ақсан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Балуан Шолақтың әндерін өзіндік ерекше дауысымен жұрт жүрегіне жеткізе білген ән жүйрігі.

Жиналған қауым байқау басталар алдында оның мән-маңызын танытатын тамаша істің куәсі болды. Дарынды әншінің тағдыр жолынан сыр шертетін «Бүлкілдер әнге салса көмей деген» атты деректі кітаптың тұсаукесері өтті.

Екі күнді еншілеген (17–18 мамыр) дәстүрлі әншілер байқауына Астана, Алматы, Балқаш қалалары, Көкшетау, Павлодар, Қарағанды, Абай облыстарынан 18 бен 35 жас аралығындағы 30-ға жуық өнерпаз бақ сынады. Қатысушылар дәстүрлі қазақ әндерін шама-шарқынша нақышына келтіре орындап, қазақтың  ұлттық құндылығын танытатын ән өнерінің байлығын паш етті.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас таланттардың өнеріне Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев (қазылар алқасының төрағасы), Толғанбай Сембаев, Ербол Айтбаев, Еркін Шүкіман, Ерлан Рысқали, Медғат Манапов сынды қазақ сахнасының саңлақтары қазылық етті.

– 2017 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында М. Ешекеевке арнап республикалық конференция, үлкен гала-концерт ұйымдастырылып, домбырасы Ықылас Дүкенұлы атындағы халық аспаптар музейіне қойылды. «Сұржекей» атты ән жинағы шықты. Биыл осы жинақты ұстазымыздың 90 жылдығы қарсаңында шәкірті Толғанбай Сембаев екеуміз әншінің орындауындағы кейіннен ел ішінен табылған әндерін және ол туралы мақала, сұхбаттарды толықтырып, «Бүлкілдер әнге салса көмейі...» деген атпен қайта жарыққа шығардық, – дейді шәкірті, белгілі әнші Еркін Шүкіман.

Сонымен қазақ өнерін төрге оздырған ән байқауының Бас жүлдесін астаналық Айдос Саниязбекұлы иеленді. І орынға Абай облысынан қатысқан Таңат Мұқашев лайық болып танылса, ІІ орынды Аида Исраил (Алматы облысы) мен Сәулет Аманғазин (Абай облысы) иеленді. ІІІ орын көкшетаулық Өмірзақ Шешханға, алматылық Ұлжан Әбілқасымоваға алматылық Мадияр Өмірғалыға бұйырды. Сондай-ақ Әлмағамбет Қапсәләмұлы атындағы арнайы жүлдені Айдан Бауыржанов (Абай облысы), Ақылбай Абайұлы атындағы арнайы жүлдені Мағжан Ысқақ (Павлодар облысы), Бородулиха ауданы әкімінің арнайы жүлдесін – Абдұррахмен Естайұлы (Алматы қаласы) жеңіп алды. Одан өзге де бір топ өнерпаздар республикалық ән байқауының дипломанты атанды. Байқау жеңімпаздарының барлығы қомақты қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Жоғары деңгейде өткен байқау алдағы жылдарда да жалғасатын болады. Ең бастысы алғаш рет өткен өнер сайысы әншінің кіндік қаны тамған жердің атын асқақтатып, қазақ өнерінің кеңінен қанат жаюына жол ашты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив