Аграрлық несие корпорациясы егін егетін фермерлерге 440 млрд теңгеден астам қаржы берді

Мемлекет басшысының 2025-жылғы көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын ерте қаржыландыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында Аграрлық несие корпорациясы бюджеттік және нарықтық капитал қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға бағытталған «Кең дала» және «Кең дала 2» жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларын іске асырады.
Бүгінгі күнге дейін 6 767 ауыл шаруашылығы өндірушісіне 440 млрд теңгеге жуық қаржы берілді. Жалпы 7 мыңнан астам өтінімнен тұратын пул жасақталды.
Өткен жылдың сәйкес кезеңінде Корпорация тарапынан несие қаражат беру тетігінің сапасы жақсарып, оң өзгерісті көрсетіп отырғанын байқауға болады. Мәселен, былтыр осы уақытта 3,3 мыңнан астам фермерге 131 млрд теңге (2025 жылғы кезеңнен 3,3 есе аз) несие берілгеніне назар аударған жөн.
Бағдарлама фермерлердің қаржы ресурстарына барынша жеңілдетілген және ыңғайлы шарттармен қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Несие жылдық 5% сыйақы мөлшерлемесі бойынша жүзеге асырылады. Фермерлер қаржыны Корпорация филиалдарынан, екінші деңгейлі банктерден, микроқаржы ұйымдарынан, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардан, несие серіктестіктерінен және аймақтық инвестициялық орталықтардан ала алады.
Қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру мақсатында несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік беру тетігі іске асырылуда. 2025-жылдың өзінде 177 млрд теңгеден астам несиенің 150 млрд теңгесіне 1 030 кепілдік берілген. Бұл кепілдіктерді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұсынады.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы жалғасуда. Биылға арналған жалпы қаржыландыру лимиті – 200 млрд теңге. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне 6 000-нан астам отандық техниканы сатып алуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 126 млрд теңгеге 3 200-ден астам өтінім қабылданса, 68 млрд теңгеге 3,5 мың техника бірлігін сатып алуға 2,8 мың шарт жасалды.
Көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарын жүргізуге және техника сатып алуға өтінімдерді қабылдау жалғасуда.
Қабылданған шаралар Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға бағытталған.