Мәжіліске БҰҰ Балалар қорының Қазақстандағы Өкілі келді

Мәжіліске Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстан Республикасындағы Өкілі Рашед Мұстафа Сарвар келді. Кездесуге Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов жетекшілік етіп, комитет мүшесі Нартай Сәрсенғалиев пен Оқу-ағарту министрлігінің өкілі қатысты.
Жиынды ашқан Асхат Аймағамбетов Қазақстан 1994 жылдан бері балалар құқықтарын ілгерілетуде маңызды рөл атқарып келе жатқан ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастығын жоғары бағалайтынын атап өтті. Бала құқықтары туралы конвенцияның ықпалымен 30 жыл ішінде жүйелі жұмыс атқарылды.
– Қазақстан Үкіметі мен ЮНИСЕФ арасындағы 2021-2025 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылды. Енді келесі 5 жылдыққа жаңа бағдарлама әзірлеу өте маңызды. Мұның алдында біз ЮНИСЕФ-пен балалардың әл-ауқаты бойынша индексін дайындаған едік, – деді А.Аймағамбетов.
2023 жылы Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияның Үшінші факультативтік хаттамасына қол қойған 53-ші мемлекет болды. Сол арқылы еліміз балалардың құқықтарын қорғауды күшейтетінін әрі жақтайтынын көрсетті.
Өз кезегінде Рашед Мұстафа Сарвар ұйымның Қазақстанмен серіктес ретінде жоғары деңгейде бірге жұмыс атқарғанын айта келіп, өз ұсыныстарын ортаға салды.
– Алғашында біздің Қазақстандағы жұмысымыз негізінен гуманитарлық бағытта болды. Кейінгі кезде жоғары деңгейдегі саяси диалог, үздік тәжірибе алмасумен жалғасуда. Сондай-ақ сіздердің әйелдер мен балаларды қорғау туралы заңға өзгерту енгізіп, осы салада 5 мың балаға бір әлеуметтік қызметкер деген ережеге қол жеткізгендеріңізді өте жақсы бастама деп есептейміз. Қазақстанда балаларға жасалатын зорлық-зомбылықты азайту үшін әртүрлі реформа жүргізіліп жатыр. Осы заңнамалар арқылы дене жарақатына толық тыйым салуды енгізсек деген ұсынымыз бар, – деді Р.М.Сарвар.
Сонымен қатар ол Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп балалардың киберкеңістіктегі қауіпсіздігіне байланысты зерттеу жүргізгендерін хабарлады. Нәтижесінде олардың 21 пайызы кибербуллингке ұшырағаны, 12 пайызына басқа тараптан сексуалды сипаттағы контент жіберілгені анықталған. Осыған байланысты заңнамада балаларды мұндай қауіптен қорғау мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.
Сөз соңында комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов балалардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған кез келген ұсынысты талдап, қарастыруға дайын екенін, ЮНИСЕФ-пен серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін айтты.