Облыс әкімі Қарабұлақ ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны тезірек іске қосуды тапсырды
Облыс әкімі Берік Уәли Мақаншы ауданына жұмыс сапары барысында Қарабұлақ ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты. Нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған.
Шалғайдағы елді мекен тұрғындарына қызмет көрсететін медициналық мекемеде 11 адам жұмыс істейді. Дәрігерлік амбулаторияға 1562 тұрғын тіркелген. Барлық-Арасан ауылындағы медициналық пункт осында қарайды.
Амбулаторияда скринингтік тексерулер жүйелі жүргізіледі. Биыл 641 адам флюрографиялық тексеруден өтіп, күндізгі стационарда 30 адам ем алған.
Аймақ басшысы заманауи құралдармен жабдықталған медициналық мекемені аралап, дәрігерлермен пікірлесті. Осы жерде ауылдың ақсақалдарымен жүздесті. Елді мекен қариялары аймақ басшысына дәрігерлік амбулатория тезірек іске қосылса деген тілектерін жеткізді.
Аймақ басшысы ауданның медицина саласына ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
Аймақ басшысы дәрігерлік амбулаторияны аралап шыққан соң ауыл тұрғындарымен бірге медициналық мекеме аумағына ағаш отырғызу рәсіміне қатысты.