Ақсуат ауданының мектептерінде соңғы қоңырау соғылды
Ақсуат ауданында соңғы қоңырау мерекесі барлық мектепте дәстүрлі түрде өтті. Соның бірі – Қожакелді батыр атындағы орта мектептегі салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Ахмет Әсетұлы арнайы қатысып, түлектерге сәттілік тілеп, ұстаздарға аудан әкімінің Құрмет грамоталарын табыстады. Сонымен қатар, бірқатар мұғалімдерге аудандық білім бөлімінің және мектеп директорының Алғыс хаттары берілді.
Салтанатты шараға аудандық полиция бөлімінің бастығы Әділет Бауыржанов пен аудандық мәслихат депутаты Есет Сансызбайұлы да қонақ ретінде қатысты.
Аудан мектептері жыл сайын оқу жылын жоғары нәтижелермен аяқтап келеді. Биыл 11-сынып түлектерінің арасынан 17 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне, 23 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанып отыр. Сонымен бірге, 335 оқушы 1-сыныпты аяқтап, бастауышпен қоштасты.
Бүгінде елімізде жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беруге ерекше көңіл бөлініп, мектептердің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылып келеді. Ақсуат ауданындағы бірнеше білім ошағында ағымдағы, орта және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі – ең алдымен білімділік деңгейімен анықталады» деген ұстаныммен, білім беру саласын дамыту – мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі.