Семейде 139 жас сарбаз әскери ант қабылдады
Семей қаласындағы Жеңіс саябағында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қызметін бастаған 139 жас сарбаздың әскери ант беру рәсімі салтанатты түрде өтті.
Іс-шараға сарбаздардың ата-аналары мен жақындары, достары және әскери бөлім командирлері қатысты. Әскери тәртіпке сай сарбаздар Мемлекеттік Тудың алдында сап түзеп, Отанға адал қызмет етуге салтанатты түрде ант берді. Бұл – әрбір жауынгердің жүрегінде мәңгі сақталатын тарихи сәт.
Шара барысында Семей қаласы әкімінің орынбасары Азамат Сәлімбаев жас сарбаздарды құттықтап, жүрекжарды тілегін білдірді. Өз сөзінде ол бұл күннің маңызы мен жауапкершілігін ерекше атап өтті.
Абай облысы аймақтық гарнизонының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, жас сарбаздар Қазақстанның әр өңірінен – Қызылорда, Алматы, Ақмола облыстарынан, сондай-ақ Абай облысының өзінен шақырылған.
Рәсім соңында жас сарбаздарға туыстарымен және жақындарымен кездесуге мүмкіндік берілді. Бұл кездесу қуаныш пен сағынышқа толы, ерекше толғанысты сәтке айналды.