Абай Құнанбайұлы атындағы мешітте абаттандыру жұмыстары жүргізілмек
Қала әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев Абай Құнанбайұлы мешітінде болып, Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлымен кездесті.
Кездесу барысында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай мешіттің дайындық жұмыстары жан-жақты талқыланды. Қалаға арнайы келген қонақтардың орталық мешітке соқпай кетпейтіні белгілі. Осыған байланысты мешіт аумағында қажетті жұмыстар атқарылмақ.
Қала әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев Құрбан айт мерекесі қарсаңында да мешіт аумағын абаттандыру және жамағаттың құлшылық етуіне қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Сонымен қатар, мерекелік іс-шараларды қауіпсіз және жайлы өткізу үшін барлық қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді.
Мерейтой аясында мешіттің қызметі мен сыртқы келбетін жақсартуға басымдық берілмек. Қажетті абаттандыру және жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы орталық мешіттің сәулеттік келбетін және жалпы көріктілігін арттыру көзделуде.
Кездесу соңында тараптар атқарылатын жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты байланыс орнатуға келісті. Бұл шаралар Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған мерекелік іс-шаралар аясында қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.