Cемей24°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
511.67 582.38 6.53

«Шымкент-Семей-Шымкент» бағытында жазғы маусымға арналған әуе рейсі ашылды

3-06-2025, 09:00 Думан Кенжеғазыұлы

Семейден еліміздің ірі қалаларына қатынайтын әуе рейстерінің саны артып келеді. Жазғы туристік маусымға орай 2 маусымнан «Шымкент-Семей-Шымкент» бағытында сыйымдылығы 180 орындық «Airbus А320» ұшағы жолаушыларды тасымалдай бастады. Рейсті «Fly Arystan» әуе компаниясы жүзеге асырады. Жолаушылар аптасына 2 рет, дүйсенбі және бейсенбі күндері қатынайтын болады. Шымкенттен Семейге ұшу уақыты – кешкі сағат 17:00-де, Семейден Шымкентте ұшу – кешкі сағат 19:00-де.

Жазғы маусымдық әуе рейсінің ашылуы өңірге туристер тартуға мүмкіндік береді. Жолаушылар енді облыстағы республикалық киелі орындар тізіміне енген Қоңыр Әулие үңгірі, «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығы, Ырғызбай әулие кесенесі, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Еңлік-Кебек» ескерткіштері, Алакөл мен Шошқалы секілді тарихи және табиғи орындарды тамашалау мүмкіндігіне ие болады.

«Шымкент-Семей-Шымкент» бағытындағы рейстің ашылғанын тұрғындар қуанышпен қабылдады.

«Бұл рейс халыққа өте ыңғайлы. Пойызбен бірнеше тәулік жүрудің қажеті жоқ. Айналасы бір жарым сағатта Семейге жетіп аламыз. Жаз мезгілінде демалуға келсең де өте қолайлы», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Нұрлан Әділханов.

Қазіргі уақытта Семей қаласынан «Семей – Алматы», «Семей – Астана», «Семей – Үржар», «Семей – Шымкент» бағыттары бойынша әуе рейстері орындалуда. Аталған рейстерді «FlyArystan» және «Южное небо» әуе компаниялары жүзеге асырып келеді.

Айта кетейік, 1 маусымда Үржар ауданының Үржар ауылындағы әуежайға алғаш рет «SCAT» әуе компаниясының «CRJ-200» жолаушылар ұшағы қонды. «Үржар-Алматы» және «Үржар-Астана» бағыттары бойынша тұрақты әуе рейстері аптасына 7 рет, яғни күн сайын орындалатын болады.

«Абай облысы әкімдігінің қолдауымен «Қарағанды-Семей» бағытында субсидияланатын жаңа әуе рейсін ашу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетімен келіссөз жүргізілуде»,- дейді Семей халықаралық әуежайының директоры Ғазизбек Саматов.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив