Cемей24°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
511.67 582.38 6.53

«Бар мейіріміміз – балаларға!» ерекше қуаныш сыйлады

3-06-2025, 09:45 Сәтжан Қасымжанұлы

«Абай облысы Семей қаласы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Бар мейіріміміз – балаларға!» атты мерекелік шара жоғары деңгейде өтті. Шараның басты мақсаты - дүниеге келген күннен тағдырдың тауқыметін тартып, мүгедектігі бар күйге түскен балалардың көңіл-күйін көтеріп, олардың бойына өмірге құштарлықты ұялатып, өзіне деген сенімділікті ояту. Сонымен қатар әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылардың балаларына орталықтың кәсіби мамандарының қолдауы мен қамқорлығын танытуға да баса мән берілгені мерекелік шарада байқалып тұрды. 

Біздің арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынан 373 бала көмек алады. Олардың 271-і мектеп жасындағы балалар болса, 171-і он сегіз жастан асқан тұлғалар. Бұл орталықтан көмек алушылардың бәрі психоневрологиялық ауытқушылық дертіне шалдыққандар. Үй жағдайында отырған тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар да бар. 40 бала жартылай стационарлық режимде күнделікті 9 сағат бойына осында болады. Балалардың төрт мезгіл тамағы беріледі, еркін ойнауына, коррекциялық оқу жаттығу сияқты көмектер алуына мүмкіндіктер қарастырылған. Қалған балалардың барлығы үйден көмек алады. Ал бүгінгі шарамызға келер болсақ, 1 маусым - балаларды қорғау күніне орай жылда әртүрлі форматта ерекше етіп өткізу дәстүрге айналған. Ондағы мақсат бір жағынан осы орталықтағы балалардың қызығушылығын ояту, олардың бір-бірін танып араласуына жол ашу. Бұл жолы 100 бала ата-аналарымен бірге жиналып келіп отыр. Мерекелік концертте өнерге бейім балалардың өздерін қатыстырып, олардың қандай ортада болсын, өзін көңілді, еркін ұстауына баса мән беріп отырмыз,-дейді Семей қаласы арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Р. Тынысова.

Рымжан Төлеуханқызының айтуынша, орталық мамандары үй жағдайындағы балаларға қызмет көрсету және күндізгі стационарлық бағытта жұмыс істейді. Күндізгі стационарда дефектелог, логопед, психолог, невропотолог, психиатр, реаблитолог, массажист мамандар бар. Жалпы, кешенді сауықтыру, емдеу бойынша заңды түрде әлеуметтік педагогикалық, психологиялық, көмек алушылардың құқықтық қорғалуы сияқты 8 түрлі көмек көрсетіледі. Үйден көмек алуға мұқтаж болып отырған отбасылар жоқ, алайда 12 бала күндізгі стацонарлық қызмет кезегінде тұр. Өйткені, орталық бұл бағытта 40 баланы ғана қамти алады. 

Жалпы, орталық мамандарының қызметіне ата-аналардың разылығы шексіз. 

- Баламның денсаулығында осы арнаулы әлеуметтік көмек орталығына келгелі оң өзгерістер пайда болғаны мені ерекше қуантады. Екі жылдан бері осы орталықтың мамандары тұрақты көңіл бөліп қызмет көрсетіп келеді. Бұрын сөйлеуге қиналатын. Қазір үш-төрт сөз болсын ептеп қосып айтар ойын жеткізетін болды. Санау, әріп тануға да қызығушылығы артып, интеллектуалдық қабілеті да күшейді деуге болады. Сол себептен де мен Рымжан Төлеуханқызы бастаған орталықтың педагогикалық ұжымына, басқа да білікті мамандарына айтар алғысым мол,- дейді ата-аналардың бірі Назым Мұратқызы.

Көптен асыға күткен мерекелік шараны тамашалауға жиналған балалар мен олардың ата-аналарын Семей қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Әбілдаев құттықтады.

- Әрбір бала біздің болашағымыз. Осы орталыққа арнайы келіп, мерекелік концерттерді бірге тамашалап отырмыз. Әрбір отбасы бала бақытына кенелуге лайықты деп білемін. Біз тек балаларды қорғау күнінде ғана емес, балалардың үнемі алаңсыз өмір сүруіне, ертеңіне сеніммен қарауына жауаптымыз. Мереке құтты, бүлдіршіндеріміздің денсаулықтары мықты болып, бәріміз де бірге қызықтап жүре берейік!- деп шынайы ниетпен ізгі тілегін білдірді Қ. Әбілдаев.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив