Айдар Садырбаев «AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы болып сайланды
«AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының кезектен тыс XІ конференциясы өтті. Жиынның басында ашық дауыс беру арқылы облыстық филиалдың жаңа төрағасы лауазымына Айдар Садырбаев сайланды.
Іс-шараға «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, партияның облыстық филиалының мүшелері, партияның аумақтық филиалдарының төрағалары мен атқарушы хатшылары, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері мен белсенділері, мәслихаттардағы фракция жетекшілері және «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.
Жиын барысында Абай облыстық депутаттық фракциясының жетекшісі Жанаева Шағангүл Алдамжарқызының 2024 жылғы арналған атқарылған жұмыстары мен 2025 жылға алдағы міндеттері туралы баяндамасы тыңдалды.
Партияның Хатшысы Ержан Жылқыбаев талап-тілектердің орындалуына тұрақты және сапалы мониторинг жүргізіп, бұл мәселені партия филиалының Саяси кеңесі Бюросының қарауына шығарып, БАҚ пен әлеуметтік желілерде орындалған талап-тілектердің оң шешілген кейстерін белсенді түрде ілгерілету керектігін атап өтті.
«AMANAT» партиясының 11 мәслихат депутатының депутаттық міндетін жүйелі түрде орындамағаны үшін мандаттары қайтарылды.
«Жер аманаты» жобасы іске қосылып, 2,5 жыл ішінде 13,1 млн гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды.
Сонымен қатар, партияның іске асып жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасы халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруда маңызды рөл атқарып, екі жыл ішінде 850 мың азамат жоба аясында оқудан өткендігі де мәлімделді. Абай облысы бойынша 9 мыңға жуық адам оқудан өтті. Аталған саладағы түйткілдерді реттеу үшін Парламенттік тыңдаулар өткізіліп, тиісті заңдардың қабылданғандығын да айтып өтті.