Үржар ауданында 6 мектепке STEAM кабинеттері орнатылады

Аудан бойынша білім беру жүйесінде 33 мектеп, 4 балабақша, 1 саз мектебі және 25 шағын орталық жұмыс істейді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Үржар ауданының әкімі Ақылбек Башимбаев мәлімдеді.
Биылғы жылы білім нысандарын жаңғырту жалғасуда. Абай Құнанбаев және Бауыржан Момышұлы орта мектептеріне күрделі, Тасарық және Төлеубеков мектептеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта Абай мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарына конкурс жариялау үшін өтінім жолданып, қалған нысандарда мердігерлер анықталып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталды.
Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алтынсарин мен Батпақты мектептеріне автоматтандырылған өрт дабыл жүйесін орнатуға қаржы қарастырылды. Бестерек мектебінде жылу қазандығы жаңартылды. 2025 жылдың алғашқы төрт айында 6 мектепке заманауи пәндік және STEAM кабинеттері орнатылды.