Семейде медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді
Семейде медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Берік Уәли, осы саланың ардагерлері және дәрігерлер қатысты.
Бүгінгі таңда өңірдің денсаулық сақтау саласында 9500-ден астам медицина қызметкері еңбек етеді. Олардың ішінде 2711 дәрігер және 6 789 орта буын қызметкерлері бар.
Салтанатты шара барысында аймақ басшысы құттықтау сөз сөйлеп, облыстың медицина қызметкерлеріне халықтың саулығы жолындағы адал еңбектері үшін алғысын жеткізді.
Аймақ басшысы өңірдегі медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Курчатов қаласы, Мақаншы, Бесқарағай, Жарма, Көкпекті, Аягөз, Үржар, Шүлбі, Шар және басқа да елді мекендердегі аудандық ауруханаларды жабдықтау мен күрделі жөндеуге, цифрлық рентген аппараттары мен заманауи диагностикалық құрылғыларды сатып алуға, сондай-ақ медициналық пункттерге инженерлік инфрақұрылым тартуға және жаңа амбулаториялар салуға тиісті қаражат бөлінген.
Шара барысында өңір медицинасын дамытуға сүбелі үлес қосқан 20-дан астам азамат «Еңбек ардагері» медалімен, «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.