КЕҢЕС ЗАМАНЫНДА ДҮРКІРЕГЕН ЕТ КОМБИНАТЫ КЕМЕЛҰЛЫНЫҢ ЗАМАНЫНДА ҚАЙТА ДҮРКІРЕМЕК
Семейдегі ет комбинатын білмейтін қазақстандық жоқ шығар. Сол комбинат кезінде Семейді ғана емес еліміздің біраз аймағын асырағаны ақиқат. Қаншама жұмыс орны пайда болып, талай жанның адал еңбек еткен кезеңін ешкім жоққа шығармас.
Новостройканың ар жағында, Әуезов даңғылының бітер тұсында бұрынғы ет комбинаты орналасқан, оның жағдайы өте мүшкіл. Қабырғасы құлап, іргесі сөгіліп, ішін тор басқан. Сол ғимаратты қайта жасауға болушы еді. Әйтсе де соның жөндеу жұмыстарына кететін қаржыға су жаңа технологиямен жабдықталған үлкен кәсіпорын салып алуға болады екен.
Осы жолды құп көрген аймақ басшысы өткен айларда инвесторлар тартып, ет комбинатын салыңдар біз барлық жағынан қолдау көрсетеміз деген болатын.
Күні кеше Шақаман ауылының жанынан «Eurasia Agro Semey» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыратын, Австралия және Еуропаның заманауи технологиясымен жабдықталатын ет комбинатының іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары ресми түрде басталды. Жобаның құны 7,7 млрд теңгені құрайды. Егер бұл жоба сәтті іске асса 1000 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Сондай-ақ комбинат бір ауысымда 35 тоннаға дейін ет өнімін өңдеуге мүмкіндік береді. Мұнда ірі қара, қой және жылқы етін өңдеу арқылы сапалы шұжық, консервіленген өнімдер, жартылай фабрикаттар мен жоғары санатты ет деликатестері өндіріледі. Бұл өндіріс тері-былғары саласына қажетті шикізатты ұсыну арқылы өңірде толық өндірістік тізбекті, яғни өндірістің экожүйесін қалыптастырады. Сонымен қатар қалдықсыз технологияларды қолдану арқылы экологиялық талаптарға толық сәйкес келеді.
Жоба бойынша 7 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңы дайындалған. Қазір 10 мың бас ірі қараға арналған алаң салу үшін жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Аталған жоба Абай облысын 2027 жылға дейін дамыту жоспарына енгізіліп, өңірлік және ұлттық деңгейде басымдыққа ие жоба ретінде танылды. Мемлекет басшысы бұл бастаманы 2025 жылдың ақпан айында өткен жұмысшы мамандықтарының көрмесінде жеке атап өтіп, жобаның маңыздылығына назар аударды. Сондай-ақ Президент Әкімшілігі тарапынан тұрақты бақылауға алынып, іске асырылуына қолдау көрсетіліп отыр.
Облыс әкімі мұндай ауқымды инвестициялық жобаның өңір үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Өндірістік кешенді 2026 жылы тамыз айында іске қосу жоспарланып отыр.