Жанжалдардың алдын алу және шешу: Семейде этномедиация бойынша тренинг өтіп жатыр
Семей қаласында ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Диалог дағдылары: этносаясат, жанжалдардың алдын алу және наразылықтармен жұмыс» атты екі күндік семинар-тренинг басталды.
Шеберлік сабағына этномедиация кеңесінің мүшелері, қоғамдық және кәсіби медиаторлар, қала және аудан әкімдігінің, Полиция департаментінің қызметкерлері, сонымен қатар Достық үйі директорлары қатысуда.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыс аумағында этнос өкілдерінің қатысуымен отбасылық, мұрагерлік, бұзақылық және қоғамдық тәртіпті бұзу секілді ондаған жағдай тіркелген. Мәселелердің барлығы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномедиаторлардың көмегімен өзара келісім арқылы шешімін тапқан.
Абай облысы ішкі саясат басқармасы басшысының м.а. Арман Жемагулов іс-шараға қатысып, этномедиацияның маңыздылығына тоқталды.
Семинар аясында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша филиалының директоры Әсет Абжақов қатысушыларға пікірталас, практикалық талдау бойынша дәріс жүргізуде.
Оқу курсы медиация дағдыларын дамытуға және этносаралық қақтығыстардың алдын алуға бағытталған.
Семинар барысында этносаралық қақтығыстардың себептері, шиеленісті күшейтетін факторлар, қақтығыстың анатомиясы мен даму кезеңдері, сондай-ақ көпшілік алдында сөйлеу және шешендік өнер тақырыптары қамтылады.