Ауыл спорты ойындарының жеңімпазына спорттық сауықтыру кешенінің сертификаты табысталды
Семей қаласында Абай облысы әкімінің жүлдесіне арналған ауыл спорты ойындары өз мәресіне жетті. Өңірдің 10 ауданынан келген мыңға жуық спортшы үш күн бойы ұлттық спорт түрлері мен командалық ойындар бойынша бақ сынады.
Үстел теннисі, тоғызқұмалақ, Президенттік көпсайыс, қазақ күресі, волейбол, шағын футбол, асық ату, гір көтеру, қол күресі, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, дәстүрлі садақ ату, жекпе жек, аламан бәйге, топ бәйге сынды 16 спорт түрінен жарыстар өтті.
Спорттық доданың салтанатты жабылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли қатысып, жеңімпаз командаларды марапаттады.
Сайыс қорытындысы бойынша үшінші орынды Ақсуат ауданы, екінші орынды Абай ауданы, бірінші орынды Аягөз ауданы иеленді. Облыс әкімі жүлде алған аудандарға футбол алаңы, автобус пен спорттық-сауықтыру кешенінің сертификатын салтанатты түрде табыс етті.
Ауыл спорты ойындарында үздік шыққан командалар биыл 12-21 қыркүйек аралығында Алматы облысында өтетін VIII ауыл спорты ойындарына жолдама алады.