«Адал қызмет – Алаш аманаты»
23 маусым- ел мүддесі жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың кәсіби мерекесі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметшілер күні. Осы атаулы күнге орай Семей қаласында «Адал қызмет – Алаш аманаты» мерекелік іс-шарасы өтті.
Салтанатты жиынға Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қайрат Сапарғалиев, қалалық мәслихат төрағасы Айболат Бекжасаров, мемлекеттік қызмет ардагерлері мен қазіргі қызметшілер қатысты.
«Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген. Бұл сөз – бүгінгі күнде де өз маңызын жоймаған асыл ұстаным. Білім мен тәжірибе маңызды, алайда елге шын ниетпен, адал жүрекпен қызмет ету – нағыз патриоттың ісі. Осы орайда, бүгінгі шарамызға қатысып отырған ардагер мемлекеттік қызметшілерге ерекше алғыс білдіргім келеді. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттің дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға қосқан үлестеріңіз – біз үшін өшпес өнеге. Сіздерге қарап бой түзейміз, сіздерден үйренеміз», – деді Бекжан Бапышев.
Іс-шара барысында бірқатар мемлекеттік қызметшілер мен ардагерлер Семей қаласы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке алғаш қадам басқан жас мамандар салтанатты түрде ант қабылдап, өздерінің азаматтық борышын адал атқаруға серт берді.