Судағы қауіпсіздік шаралары таныстырылды
Семей қаласында «Заря» жағажайында судағы қауіпсіздік шараларына арналған баспасөз-туры өтті. Іс-шара барысында Абай облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, полковник Манарбек Шапағатов облыс көлемінде жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстарына тоқталып, суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау – әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін атап өтті.
Шара барысында қатысушыларға облыс аумағындағы су айдындарындағы қазіргі ахуал жөнінде өзекті мәліметтер ұсынылып, кәсіби құтқарушылар тарапынан судағы алғашқы көмек көрсету мен адамды құтқару тәсілдері іс жүзінде көрсетілді. Сонымен қатар, тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелері жазылған ақпараттық парақшалар таратылып, мамандармен ашық кеңес алаңы ұйымдастырылды.