Үржар ауданының Таскескен ауылында «Ауыл – ел бесігі» фестивалі өтіп жатыр
Бүгін Үржар ауданының Таскескен ауылында дәстүрлі «Ауыл – ел бесігі» атты мәдени-спорттық фестиваль басталды.
Белгілі меценат Талғат Сақанның ұйымдастыруымен, облыс әкімдігінің қолдауымен 27-28 маусым күндері республикалық айтыс, 70 шақырымдық аламан бәйге, 15 шақырымдық «Таскескен жүйрігі» ат жарысы, қыз қуу, теңге ілу, қой көтеру, садақ ату, киіз үй тігу сайыстары өткізіледі. Шара барысында «Топжарған» этно-мәдени орталығы акробатикалық өнердің үлгілерін көрсетіп, ұлттық дәстүрді дәріптейді.
Мерекелік шара аясында Таскескен ауылында қоғамдық сауықтыру кешені ашылды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бой көтерген нысан бір уақытта 100 адамға дейін қабылдай алады.
Фестивальдің ашылуына облыс әкімі Берік Уәли қатысып, бұл шараның ауыл тұрмысының жақсаруына қосар үлесі зор екенін атап өтті.
Облыс әкімі Үржар ауданында жеке инвесторлардың қаржысымен көптеген жобалардың іске асырылып жатқанын айтты. Мәселен, қытайлық тараппен бірлескен «Шың Жан Жуо Анг–Сункар» ЖШС күнбағыс майы мен ұн өндіретін және мал азығын дайындайтын кешен салуда. Жобаның жалпы құны – 5,5 млрд теңге. Бұдан бөлек «Urdjar Agro Trade» ЖШС қуаттылығы тәулігіне 100 тонна болатын майлы дақылдарды өңдейтін зауыттың құрылысын жүргізіп жатыр. Инвестиция көлемі – 800 млн теңге.
Облыс әкімі «Ауыл – ел бесігі» фестивалі аясында арнайы тігілген киіз үйлерді аралап көрді. Ұлттық нақыштағы көрме-экспозициялар мен қолданбалы өнер бұйымдары, ауыл кәсіпкерлері мен шаруалардың өнімдері, киіз үй ішіндегі дәстүрлі тұрмыс үлгілері таныстырылды.