Абай облысында Ұлттық домбыра күніне арналған көрме өтті

Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ұлттық домбыра күніне арналған «Ұлы дала үнісің сен, домбыра!» атты көрме ұйымдастырылды.
Аталулы шара Ұлттық домбыра күнін кеңінен насихаттауға және қазақ халқының төл өнері мен мәдени мұрасын дәріптеуге бағытталған.
Көрменің негізгі мақсаты – өлкетану музейінің қорында сақталған, еліміздің белгілі ақындары мен өнер қайраткерлеріне тиесілі жеке домбыралар арқылы қазақ халқының ұлттық рухани мұрасын кеңінен таныстыру, домбыраның өнер мен мәдениеттегі ерекше орнын айшықтау.
Көрме барысында келушілер тарихи тұлғалар пайдаланған домбыралармен танысып, олардың шығармашылық жолы мен мәдениетке қосқан үлесі туралы мол мағлұмат алды. Экспозицияда ұлттық аспаптың әртүрлі үлгілері мен ерекшеліктері көрсетіліп, домбыраның қазақ күй өнері мен ән дәстүріндегі маңызы айтылды.
Көрмеге Абай дәстүрінің жалғастырушылары Сапарғали Әлімбетов, Тәңірберген Әміренов, дүлдүл әншілер Жәнібек Кәрменов, Болат Сыбанов, Келденбай Өлмесеков, Мейрамбек Ахметов, Кентау Назарбек, Берік Омаров, ақындар Ақылбек Манабаев, Дәметкен Омарбаева, Абайдың жиені Балтабек Ерсәлімов, композитор әрі күйші Рахымбек Ноғайбаев, белгілі ғалым Амантай Исин және басқа да өнер қайраткерлерінің домбыралары қойылды.