Семейде жергілікті өнім өндірушілердің көрмесі өтті
Семейде жергілікті кәсіпкерлер мен қолөнершілерді қолдау мақсатында «Бір ауыл – бір өнім» және «Қазақстанның үздік тауары» атты өңірлік байқау-көрмелері өтті. Абай облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған екі жоба да өңірдегі шағын бизнесті дамытуды, жергілікті ресурстарды тиімді пайдаланып, сапалы өнім өндірушілерді анықтауды және олардың нарыққа шығуын қолдауды көздейді.
Көрменің ашылуына қатысып, сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли жергілікті бизнестің өңірдің дамуына қосатын үлесі зор екенін ерекше атап өтті.
Облыс әкімі көрмені аралап, қатысушылардың өнімдерімен танысты. Әр павильонға арнайы тоқтап, кәсіпкерлермен тілдесіп, ұсынылған тауарлар мен жобалар туралы пікір алмасты.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасына биыл облыс бойынша 42 өтінім қабылданды. Қатысушылардың басым бөлігі Семей қаласынан (34 адам), қалған 9-ы – аудандардан. Жобаға қатысушылар тамақ өнеркәсібі, ұлттық нақыштағы киім, қолөнер бұйымдары, саз және былғары заттар, табиғи сабын, ағаштан жасалған бұйымдар, бөдене еті мен жұмыртқасы, сондай-ақ шөптен дайындалатын тұнбалар бағытында өнім ұсынды. Жоба аясында қатысушыларға кеңес беру, оқыту, логотип жасау, маркетингтік қолдау көрсету және 5 миллион теңгеге дейінгі грантқа қатысу мүмкіндігі берілді.
Ал «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқау-көрмесіне облыс бойынша 10-нан астам кәсіпкерлік субъектісі қатысты. Кәсіпкерлер өз өнімдерін үш номинация – «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» бойынша ұсынды. Сараптамалық топ барлық қатысушылардың өнімін бағалап, үздіктерін іріктеді.
Екі жоба бойынша жүлделі орын иеленгендер Астана қаласында өтетін республикалық көрмеге жолдама алады.
Айта кетейік, 2023 жылы облысымыздың «UK UNIS» ЖШС шұлық-тоқыма фабрикасы республикалық байқауда жеңімпаз атанды. 1 387 қатысушының ішінде үздік тоғыздыққа енген осы кәсіпорын төрт жыл бойы «Қазақстанның үздік тауары» белгісін қолдану құқығына ие болды.