Cемей-10°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры денсаулыққа салғырт қарамауға шақырады

7-04-2023, 15:41 Думан Кенжеғазыұлы

7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні. Атаулы күн Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрылған күні, яғни 1948 жылдан бері атап өтіледі. Бұл мерекелік шараны еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін мемлекет көлемінде атап өте бастады. Құрылғанына 75 жыл толып отырған ұйым әр жыл сайын денсаулық күнінің тақырыбын таңдайды. Жылдағы дәстүрден жаңылмай биыл бұл күн «Барша жанға денсаулық» ұранымен өтуде. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында әрбір адам кез келген уақытта және кез келген жерде өзіне қажетті медициналық көмекті ала алуы тиіс екенін еске салып, халыққа медициналық көмек қолжетімді болуы үшін не істелініп жатқанын айтып берді.

Ұйымға мүше екі жүзге жуық мемлекет денсаулықты насихаттайтын әр түрлі бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Осы күні азаматтар денсаулықтың қадір-қасиетін ұғынып, әлем бойынша адам баласының өмір жасын ұзартуға себеп болатын пайдалы әдеттерді жадына сақтауға тырысады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми мәліметтеріне сәйкес, планета тұрғындарының отыз пайызы денсаулық сақтаудың негізгі қызметтеріне қол жеткізе алмайды екен. Шынтуайтына келгенде, әрбір адам кез келген уақытта қаржылық қиындықтарға тап болмай, өзіне қажетті медициналық көмекті ала алуы керек.

Айта кетерлігі, Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілмеген кездері көп жылдан бері денсаулық сақтау саласында қаржы тапшылығы орын алды. Бұл саланы тығырыққа тіреп, салдарынан халықтың қалта шығыны артып, азаматтар медициналық қызметтерді өз есебінен алуға мәжбүр болды. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында халықтың әлеуметтік осал топтарының өзі өмірге айтарлықтай қауіп төнген кезде ғана қаралып келді. Тіркелген емханасында салалық мамандар болмаса, қазіргідей өзге медициналық мекемелерге, жеке клиникаларға жолдамамен бара алмады. Көбі дерлік ақылы еді. МӘМС жүйесі енгізілмес бұрын салалық мамандардың кеңесі мен диагностикалық тексерулерді, көптеген анализдерді, қымбат тексерулерді (КТ, МРТ, ПЭТ) санаулы азаматтар ғана алып келді. Адамдар операцияға кезегін ұзақ күтетін және бүкіл Қазақстанға ЭКҰ-ға (ЭКО) жылына бір мыңдай ғана квота бөлінді. Бұдан бөлек, пациенттердің құқығын ешкім қорғамады. Көбінің арыз-шағымы қаралмай, сол күйі қорғалмай қалатын.

Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі, әрбір сақтандырылған адам аударған жарна мөлшеріне қарамастан, медициналық қызметтерді толық көлемде, уақтылы алуға құқылы. МӘМС пакеті пациенттерге қажет негізгі медициналық қызметтерді қамтиды. Атап айтар болсақ, қымбат анализдер, тексерулер, консультациялар, сонымен қатар жоғары технологияларды пайдалана отырып жасалатын операциялар және т.б. қызметтер кіреді. Көптеген операциялар бірнеше миллион теңге тұрады. Ал азаматтар ай сайын кем дегенде 3500 теңге жарна төлеп, осы қызметтерді қосымша қаржы төлемей ала алады. Қазір көптеген отандасымыз жүйенің тиімді екеніне көз жеткізіп, шарапатын көруде.

Айта кетерлігі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бірінші кезекте әр пациенттің мәселесін шешуге мүдделі. Шағым келіп түссе, Қор сарапшылары шұғыл әрекет етіп, жергілікті филиалдарға шығып, жағдайды сол жерде шешеді.

Елімізде 16 млн-нан астам азамат сақтандырылған. Оның ішінде 11 млн адам үшін МӘМС жарналарын мемлекет аударады. Олар – кәмелетке толмаған балалар, ресми жұмыссыз болып тіркелген адамдар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты үйде отырған ата-аналар, мүгедектер және мүмкіндігі шектеулі балалардың күтімімен үйде отырған адамдар, зейнеткерлер, жұмыс істемейтін қандастар, күндізгі оқу нысанында білім алатын студенттер, жұмыс істемейтін атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жазасын өтеушілер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар.

Бұл олар үшін мемлекет тарапынан тамаша қолдау болып отыр. Ол азаматтар МӘМС есебінен медициналық қызмет түрлерін толық көлемде ала алады. Мысалы, еш жерде жұмыс істемейтін, табыс көзі жоқ адамдар тұрғылықты жері бойынша Жұмыспен қамту орталығына барып ресми жұмыссыз ретінде тіркелсе, олар мемлекет есебінен сақтандырылады, яғни 15 жеңілдік категориясына кіреді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Дүниежүзілік Денсаулық күні аясында азаматтарды кез келген аурудың алдын алып, МӘМС есебінен жоспарлы түрде тексерілуге, сонымен бірге, осы күнге дейін сақтандырылмаған азаматтарды денсаулығына салғырт қарамауға, оларға МӘМС аясында медициналық көмек алу үшін алдын ала «сақтандырылған» мәртебесін алуға шақырады.

Егер сіздің тағы да сұрақтарыңыз» болса немесе медициналық көмек алуда қиындықтар туындаса, өз емханаңыздағы «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгініңіз.

· fms.kz ресми сайты,

· 1406 байланыс орталығы,

· Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы

· Telegramдағы SaqtandyryBot арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорына жүгінуге және сақтандыру мәртебесін тексеруге болады.

Сондай-ақ, ҚР электрондық үкіметінің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеруге және жүргізілген төлемдер туралы білуге болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив