Абай облысының жұртшылығы «Халық қаһарманы» Әбдіғали Қаймолдинді ақтық сапарға шығарып салды
Бүгін Семей қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері, «Халық қаһарманы» Әбдіғали Қаймолдинді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Қаралы жиынға облыс әкімі Берік Уәли, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы, ҚР ҰҚК Абай облысы бойынша департаментінің өкілдері, ардагерлер, қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары қатысты.
Әбдіғали Қаймолдин 1921 жылы бұрынғы Семей облысы, Абыралы ауданы, Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келген. 1941 жылы майданға аттанып, Сталинград, Украина, Беларусь, Балтық майдандарында шайқасты. Төрт рет жараланып, елге аман оралған соң түрлі партиялық және мемлекеттік қызметтер атқарды. «Қызыл Жұлдыз» ордені мен көптеген жауынгерлік медальдардың иегері. 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен оған «Халық қаһарманы» атағы мен «Отан» ордені берілді.
Ардақты ақсақалды ақтық сапарға шығарып салу рәсімінде облыс әкімі Мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатын оқып берді.
Аймақ басшысы қаралы жиында сөйлеген сөзінде Әбдіғали Қаймолдиннің өмір жолы отаншылдық пен ерліктің, батырлық пен батылдықтың үлгісі екенін айтты.