Облыс әкімі Саржал ауылын жеңісімен құттықтады

Кеше республикалық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылған “Бай қымыз” гастрофестивалінде Абай облысының Саржал ауылы бас жүлдені жеңіп алды!
«Бұл – өңіріміз үшін үлкен мәртебе әрі әділетті жеңіс! Себебі, Саржалдың сары қымызы – көптен бері ел аузында жүрген, талай жұрттың таңдайын қақтырған табиғи өнім. Бірақ бүгінгі жеңіс тек дәм арқылы емес, әділ де ашық дауыс беру нәтижесінде анықталды. Демек, бұл – халықтың өзі берген әділ баға!
Ұлы Абайдың 180 жылдығы қарсаңында Абай жерінің осындай рухани әрі мәдени жеңіске жетуі – біз үшін символдық мәнге ие. Бұл тек бір байқаудың жүлдесі емес, өңіріміздің әлеуетін, дәстүрге деген құрметін, табиғи өнімге адалдығын көрсеткен айшықты оқиға.
Алдағы уақытта осы жетістік ішкі туризмді дамытуға, өңірлік бренд ретінде ұлттық тағамдарымызды ілгерілетуге жаңа серпін береді деп сенемін.
Жеңіске үлес қосқан барша азаматтарға, әсіресе қымыз өндірушілерге, ұйымдастырушыларға және дауыс берген ел-жұртқа алғысымды білдіремін!
Жеңіс құтты болсын!», – деп жазды Берік Уәли әлеуметтік желілердегі парақшасына.