Сенатор Айнұр Арғынбекова Абай облысындағы әлеуметтік жобаларды іске асыру барысымен танысты

Сенат депутаты Айнұр Арғынбекова Абай облысына жұмыс сапары аясында Бородулиха аудандық мәслихатының депутаттарымен кездесті. Сондай-ақ аудандағы әлеуметтік жобаларды іске асыру барысымен танысты.
Сенатор мәслихат депутаттарымен кездесу барысында ҚР Парламенті Сенатының үшінші сессиясының қорытындылары туралы хабардар етті. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайту және өңірлерді дамытуға бағытталған негізгі заңнамалық бастамаларға тоқталды. Абай облысына қатысты мәселелерге де назар аударылды. Кездесуге қатысушылар заңнаманы одан әрі жетілдіру жөнінде пікір алмасты және халықтың сұранысын ескере отырып, өзара іс-қимыл жолдарын белгіледі.
Сенатор сондай-ақ аудан орталығында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арнап салынып жатқан тұрғын үйлерді аралады. Нысандарды көру барысында орындалатын жұмыстардың мерзімі мен сапасына баса назар аударылды. Құрылыс кезінде жергілікті жерде өндірілген материалдар пайдаланылатыны және жұмыс күші жергілікті тұрғындардың арасынан тартылатыны атап өтілді.
Айнұр Арғынбекова Камышенка ауылында 100 орындық демалыс орталығы құрылысының барысымен танысты. Нысанның құрылысы кесте бойынша жүргізілуде, оның ашылуы осы күзде жоспарланып отыр. Сенатордың айтуынша, мұндай жобалар ауылдық аумақтардың мәдени әлеуетін нығайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ жастардың бос уақытын пайдалы өткізуге және дамуына қосымша мүмкіндіктер туғызады.
Депутат өңірге сапарды қорытындылай келіп, құрылыс жобаларын іске асыру барысында сапаға мониторинг жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ заң нормаларын енгізу мақсатында және өңір тұрғындарының мүддесі үшін барлық деңгейдегі депутаттармен сындарлы өзара іс-қимылға дайын екендігін білдірді.