Облыс әкімі Түркістан өңірінің жұртшылығына алғысын жеткізді
Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік мерейтойлық шаралар аясында Түркістан облысының мәдени күндері Семей қаласында жоғары деңгейде өтті. Екі күнге созылған іс-шаралар жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарының зор ықыласына бөленді.
Мәдени күндер аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, Түркістан өңірінің табиғи әрі сапалы өнімдері нарықтағыдан төмен бағамен саудаланды. Жәрмеңкеге 540 тоннадан астам, 40-қа жуық өнім түрлері жеткізілді.
Бүгін Абай облысы әкімі аппаратының басшысы Эльдар Бақпаев киелі Түркістан жерінен келген қонақтарға аймақ басшысы Берік Уәлидің құттықтау хатын оқып, Алғыс хаттарды табыстады.
Айта кетейік, Түркістан облысының мәдени күндері аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі мен концерттік бағдарлама жұртшылық назарына ұсынылды.