Абай облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында сенбілік өтті
Семей қаласында санитарлық тазалық айлығы аясында кезекті рет жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Қала аумағын абаттандыруға және тазалауға бағытталған бұл шараға мемлекеттік органдардың қызметкерлері, түрлі кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері, білім беру мекемелерінің ұжымдары, сондай-ақ қала тұрғындары белсене қатысты.
Сенбілік барысында қаланың әрбір аумағында тазалық жұмыстары жүргізіліп, саябақтар, аулалар, көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдары қоқыстан тазартылды. Жиналған тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы техника көмегімен ТҚҚ полигонына шығарылды. Сонымен қатар, аумақтарда көгалдандыру шаралары өткізіліп, ағаштар отырғызылды.
Мұндай сенбіліктер қала тұрғындарының бірлігін арттырып қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, туған өлкенің тазалығы мен көркін сақтаудағы ортақ жауапкершілікті сезінуге ықпал етеді.
Қала әкімдігі ұйымдастырған игі шараға қатысқан барлық азаматтарға алғыс білдіреді және алдағы уақытта да туған қаламыздың тазалығы мен әсемдігін сақтауға шақырады.