Абай облысында отандық қой шаруашылығын дамыту мәселелері жөніндегі халықаралық семинар-кеңес өтті
Семейдегі Шәкәрім университетінде «Кооперация тетіктерін енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану және инвестиция тарту негізінде отандық қой шаруашылығының экспорттық әлеуетін дамыту» тақырыбында халықаралық семинар-кеңес өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, ҚР Ұлттық аграрлық ғылым академиясының президенті, ҰҒА академигі Тілектес Есполов және Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктері басқармаларының, шаруа қожалықтарының өкілдері, төрт түлік мал, қой шаруашылығына мамандандырылған ғылыми-зерттеу институттарының жетекші мамандары, отандық және шетелдік ғалымдар қатысты.
Семинар барысында қой шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелері, заманауи технологиялар, халықаралық ынтымақтастық және экспорттық нарыққа шығу мүмкіндіктері қаралды.
Шара аясында Абай облысының әкімдігі, ҚР Ұлттық аграрлық ғылым академиясы және «Қазақ аграрлық өнеркәсіптік кешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты» ЖШС арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды. Құжат ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Аймақ басшысы семинар-кеңестің маңызын атап өтіп, қой шаруашылығының ел экономикасындағы орны ерекше екенін жеткізді.
Ұлттық аграрлық ғылым академиясының президенті Тілектес Есполов Абай облысының аграрлық әлеуеті зор екенін атап өтті.
Семинарға қатысқан Оман сұлтандығындағы «Atyab International Services» компаниясының жетекші техникалық қолдау маманы (ТМД және Орталық Азия өңірі) Сеид Кажа Арифуддин «Қазақстан қой шаруашылығына халал стандарттары мен азық-түлік қауіпсіздігі протоколдарын енгізу» тақырыбында, ал пәкістандық профессор Мұхаммед Камар Билал (Файзалабад ауыл шаруашылығы университеті) онлайн режимде қосылып, «Пәкістандағы қой шаруашылығы тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады.
Бүгінде Абай облысында қой шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді, асыл тұқымды мал үлесі 25 пайызға жеткен. Қазіргі уақытта Жаңа Семей ауданының Шақаман ауылында ет және ет өнімдерін терең өңдейтін өндірістік кешеннің құрылысы жүргізілуде. Кәсіпорын іске қосылғанда аудандарда қосымша кооперативтер құрылып, қой шаруашылығының өнімділігі мен экспорттық әлеуеті арта түседі.
Статистикалық деректерге сүйенсек, облыстағы қой саны республикадағы барлық ұсақ мал басының 6 пайызын құрап отыр. Елімізде 22 миллионнан астам қой болса, соның 1 миллион 500 мыңға таяуы Абай облысында. Сондықтан бұл бағытты дамытуға үлкен мүмкіндік бар.