Семей қаласының мектебінде «Киіз басу» үйірмесі ашылды
Семей қаласындағы №50 ІТ мектеп-лицейінде қыздарға арналған «Киіз басу» үйірмесінің ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға мектеп әкімшілігі, ұстаздар, әжелер ұйымының мүшелері, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Үйірменің негізгі мақсаты – қыз балаларды ұлттық қолөнерге баулу, еңбекқорлық пен әсемдікке тәрбиелеу. Мұнда оқушылар киіз басу технологиясын меңгеріп, тұрмыстық және сәндік бұйымдар жасауды үйренеді. Сондай-ақ сабақ барысында ұлттық киім үлгілері мен ою-өрнек түрлері таныстырылып, қыз бала мәдениетіне қатысты тақырыптар қамтылады.
Үйірме жетекшісі, «Бір ауыл – бір өнім» облыстық байқауының грант иегері Нұрсая Жұмаханқызы киіз өнерін жандандырудың маңызын атап өтті.
«Бұл үйірме – тек қолөнер сабағы емес, ұлттық құндылықты дәріптейтін тәрбиелік орта. Мен өзім «Бір ауыл – бір өнім» жобасында жеңіске жетіп, киіз бұйымдарын жасаумен айналысып келемін. Енді сол тәжірибемді жас ұрпаққа үйретіп, қыз балаларға ұмыт бола бастаған ұлтық өнердің қыр-сырын меңгерткім келеді. Киіз басу – қыз баланы ұқыптылыққа, төзім мен талғамға баулитын, рухани тәрбиенің қайнар көзі», – деді ол.
Іс-шара барысында оқушылар өз қолдарымен жасаған киіз бұйымдарын таныстырып, шағын көрме ұйымдастырды. Қатысушылар киізден жасалған сәндік заттар мен тұрмыстық бұйымдарды тамашалап, киелі өнердің бүгінге дейін жалғасып келе жатқанын атап өтті.
Үйірмеге 4–10 сынып оқушылары қабылданады. Сабақтар қазақ және орыс тілдерінде аптасына екі рет өткізіледі. Алдағы уақытта оқушылардың еңбектері мектепішілік көрмелер мен қалалық шығармашылық байқауларда таныстырылмақ.