Конституция күні – ел бірлігі мен тұрақтылықтың нышаны
30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған салтанатты жиын аудандық мәдениет үйінде өрнекті түрде өтті. Мемлекетіміздің негізгі Заңының 30 жылдығына арналған шараға аудан басшылығы, мекеме қызметкерлері, ардагерлер, білім, денсаулық және спорт саласының өкілдері қатысты.
Аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлы жиналғандарды мерейлі мерекемен құттықтап, Конституцияның ел дамуы мен қоғам өміріндегі айрықша орнына тоқталды:
«Конституция – тәуелсіз еліміздің тұғыры, демократиялық дамудың берік негізі. Бүгін біз осы құндылықтарды құрметтей отырып, елдігімізді еңселі, бірлігімізді бекем ету жолында еңбек етіп келеміз. Халқымыздың игілігі жолында атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы – Ата Заңда айқындалған басты мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталған. Баршаңызды еліміздің басты мерекелерінің бірі – Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, бірлігіміз бекем болсын!» – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Салтанатты жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлерге облыс әкімі мен аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар республикалық және облыстық деңгейде аудан намысын қорғап, озық шыққан өнер, спорт және білім саласының өкілдері де лайықты марапаттарына ие болды.
Жиын соңында «Қаламқас» халық ән-би ансамблі сахна төріне шығып, мерекелік концерттік бағдарламасымен көрерменге әсем әсер сыйлады. Өнерпаздардың жанды дауыстағы әндері мен ұлттық нақыштағы билері мерекенің сәнін келтіріп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
 
    






