Абай облысында ауылдық өрт сөндіру бекеттері жаңғыртылуда
 
        
        
        
    Абай облысында елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында “Ауыл құтқарушысы” бағдарламасы аясында ауылдық округтердегі өрт сөндіру бекеттерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бағдарлама Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігімен бекітіліп, Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асырылуда.
Бүгінде Қасқабұлақ және Архат ауылдық округтерінде нақты жұмыстар қолға алынған. Қасқабұлақ ауылында бұрынғы мешіт ғимараты қайта бейімделіп, қазіргі заман талабына сай өрт сөндіру бекеті ретінде қайта жаңғыртылып жатыр. Ғимаратта өрт сөндірушілердің қызметіне қажетті жағдай жасалып, арнайы бөлмелер мен құрал-жабдықтарға арналған орындар қарастырылған.
Ал Архат ауылдық округінде жаңадан өрт сөндіру бекетінің құрылысы басталды. Жаңа нысан ауылдық жерлердегі төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
25 тамыз күні Абай облысының Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Марат Шапағатов жұмыс сапарымен осы ауылдарға барып, өрт сөндіру бекеттерінің құрылысы мен жаңғыртылу барысын тексерді. Ол жергілікті әкімдермен және құрылыс жұмыстарына жауапты мамандармен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп тыңдады.
Кездесу барысында департамент басшысы нысандардың сапалы әрі уақтылы аяқталуының маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта бұл бекеттерді өрт сөндіру техникасымен, байланыс құралдарымен және қажетті арнайы жабдықтармен қамтамасыз етуге қолдау көрсетілетінін айтты.
Аталған шаралар ауылдық жерлердегі қауіпсіздік деңгейін арттырып, тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғауға зор үлес қосатын болады.
