Семей мектептерінде тамақ сапасы тексерілді
Оқушылардың денсаулығын сақтау және мектептегі тамақтанудың қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету мақсатында қала мектептерінде ас блоктарының жағдайы мен тамақтануды ұйымдастыру жүйелі түрде тексерілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шыңғыс Чокушев мәлімдеді.
Анықталған олқылықтарды жою мақсатында білім бөлімі, мектеп әкімшіліктері және тамақтандыру операторларымен бірлескен шаралар қолға алынған. Санитариялық нормалар мен талаптарды сақтау бойынша нақты ұсынымдар әзірленіп, орындалуы тұрақты бақылауда.
Басқарма басшысының айтуынша, ас блоктарының санитариялық-гигиеналық жағдайына және оқушыларға ұсынылатын тағам сапасына бақылау – мекеменің басты бағыттарының бірі. Бұл жұмыс жыл бойы үздіксіз жүргізіліп отырады.
Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы білім беру ұйымдарындағы тамақтану нысандарында санитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бағытында профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда.
Басқарма бөлім басшысы Асия Жарылғапованың айтуынша, биыл білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандарты енгізілген.