Семейдегі «Юность» шағын ауданында заманауи қоғамдық кеңістік салынып жатыр
Облыс әкімі Берік Уәли бүгін Семей қаласындағы «Юность» шағын ауданында салынып жатқан жаңа қоғамдық кеңістіктің құрылыс барысымен танысты.
Демалыс орнының құрылысы екі кезеңмен жүзеге асырылуда. Қоғамдық кеңістіктің жалпы ұзындығы 1 шақырымнан асады, аумағы 52 620 шаршы метрді құрайды. Көгалдандыру жұмыстары аясында 355 қылқан жапырақты, 788 жапырақты ағаш, 8484 сәндік бұта және 27 408 көпжылдық гүл отырғызу жоспарланған.
Қоғамдық кеңістік аумағында кіші сәулет нысандары, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен жарық бағандары орнатылады. Сондай-ақ, футбол, баскетбол, Workout және балалар ойын алаңдары, тұрғындар мен қонақтарға арналған демалыс аймақтары, жасыл желектерді үздіксіз сумен қамтамасыз ететін резервуар да қарастырылған. Құрылыс жұмыстары толық аяқталған соң бұл аумақ қалалықтардың сүйікті демалыс орнына айналмақ.
Аймақ басшысы мердігер ұйым өкілдеріне жұмысты сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды.
Жергілікті тұрғындар саябақ құрылысына ризашылықтарын жеткізді.
Семейде жаңа қоғамдық кеңістіктердің саны көбейіп келеді. Жақында Республика күніне орай Қарағайлы ықшам ауданында жаңа саябақ пайдалануға берілді. Аумағы шамамен 53 мың шаршы метрді құрайтын саябақ толық абаттандырылып, мыңға жуық қарағай мен шырша көшеттері, 9 500-ден астам сәндік бұталар және 8 000-ға жуық көпжылдық гүлдер егілді. Сондай-ақ, онда серуен жолдары, демалыс аймақтары, сахна және мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған ашық алаңдар салынды.







