Абай ауданы толықтай таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі
Абай ауданында тұрғындарды сапалы және үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Көп жылдан бері шешімін күтқан өзекті мәселелер кезең-кезеңімен оң шешімін тауып келеді.
Атап айтқанда, Құндызды, Кеңгірбай би және Медеу ауылдық округтерінде ауыз су жүйесін тарту мәселесі ұзақ жылдар бойы күн тәртібінен түспей келген еді. Бұл мәселе облыс әкімі Берік Уәлидің тікелей қолдауының арқасында нақты шешімін тауып, құрылыс жұмыстары тамыз айында басталмақ.
Жоба бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады. Су тарту желілерінің құрылысы 2026 жылы толық аяқталып, аталған ауылдық округтер таза әрі сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Бұл — өңір халқының тұрмыс сапасын жақсартуға және ауылдардағы өмір сүру жағдайын арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта Архат ауылдық округінде су құбыры желісін қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жоба аясында 5 арнайы техника мен 20-ға жуық жұмысшы еңбек етуде. Құрылыс жұмыстары Ұлттық қор қаражаты есебінен қаржыландырылып отыр. Қыркүйек айында жаңарту жұмыстары толық аяқталып, ауыл тұрғындарының игілігіне беріледі деп жоспарланған.
Су — тіршілік көзі. Сондықтан бұл жобалар аудан тұрғындарының көптен күткен қажеттілігін өтеп, өңірдің әлеуметтік дамуында маңызды рөл атқарады. Нәтижесінде Абай ауданы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылған өңір атанбақ.